Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйлеп, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде ғылым-білімнің маңызы арта түскенін атап өтті, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Президенттің айтуынша, ғылымдағы жетістіктерді адамзаттың игілігіне жарату үшін әлем елдері бірлесе жұмыс істеуі керек.
«Бүгін шын мәнінде өте маңызды жиын өтіп жатыр. ІІІ Стратегиялық серіктестер форумына жаһандық ғылым жүйесінің көрнекті өкілдері, әлемге әйгілі ғалымдар мен білім саласының білікті мамандары және сарапшылар қатысып отыр. Осы алқалы жиында халықаралық ғылыми ықпалдастық мәселесі жан-жақты талқыланып жатыр. Бұл – өте өзекті тақырып.
Себебі қазіргі тұрақсыз, бұлыңғыр заманда әлемдік университеттер қауымдастығы өздерінің салмақты пікірлері мен ұстанымдарын айтуы керек. Сіздердің, яғни, ғылым өкілдерінің халықаралық шиеленістердің азаюына қосатын үлесі өте маңызды. Осыған орай, бүгін ғылымның даму жолына және басқа да өзекті мәселелерге қатысты құнды пікірлер, тиімді ұсыныстар айтылып жатыр. Мұның бәрі де отандық және шетелдік жоғары білім саласының әлеуетін нығайтуға септігін тигізері сөзсіз», деді Президент.



