Бүгін сол жағалаудағы “Қайсар Арена” стадионында облыс әкімдігі және Freedom QJ лигасының ұйымдастыруымен қызылордалық “Қайсар” және қостанайлық “Тобыл” командалары арасында QJ лига ойындарының мыңыншы тарихи матчының ашылу салтанаты өтті.
Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, Freedom Holding Corp бас атқарушы директоры, Freedom QJ League қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Турлов, Freedom QJ League президенті Рохус Шох қатысты.
Данияр Еренғалиұлы жиналған қауымды тарихи матчтың ашылуымен құттықтап, ойыншыларға сәттілік тіледі.
«Өңір үшін маңызы зор жергілікті «Қайсар» мен қостанайлық «Тобыл» командалары арасындағы QJ лига ойындарының 1000-шы тарихи матчының ресми ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Футбол тарихына алтын әріппен жазылатын маңызды доданың басты мақсаты – отандық спортты, соның ішінде
жасөспірімдер футболын дамыту, кәсіби футболшылар санын арттыру және командалар арасында
бәсекелестікті қалыптастыру. Осы ретте жасөспірімдер арасындағы тарихи матчты біздіңөңірде өткізуге ұсыныс білдірген Freedom QJ лигасына алғыс білдіреміз!
«Қайсар» QJ лига командасы 2023 жылы құрылды. Осы аралықта талантты футболшыларды тәрбиелеп шығарып, бүгінде қазақ футболының ұстаханасына айналып үлгерді. Аймақ мақтанышы Дінмұхаммед
Рүстемұлы секілді үздік ойыншылар «Қайсар» футбол клубының негізгі құрамында, сондай-ақ, Қазақстан жастар, ұлттық құрамада өнер көрсетуде. Бүгін жасыл алаңға шығатын жас футболшыларымызға сәттілік тілеймін!, — деді Данияр Жаналинов.
Шарада сөз алған Тимур Турлов, Рохус Шох жасөспірімдер футболының дамуында QJ лига ойындарының маңызы зор екенін атап өтті.
Доп додасының соңында жастар арасында танымал әншілер Daricorn және ARО жанкүйерлерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.



