ҚоғамМәдениет

Қызылордада Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен «Ақмешіт-Сырдария» мешіті жаңартылды

Болат Өтемұратов Қоры Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын аяқтады. Мешіт Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қарамағындағы Республикалық ислам діни бірлестігіне жатады.

«Ақмешіт-Сырдария» – Қызылорда облысындағы маңызды рухани әрі қоғамдық нысандардың бірі. Мешіт 2 мың адамға арналған, жалпы аумағы 3 158 шаршы метрді құрайды. Қордың қолдауымен мешіттің қасбеті арнайы іріктелген біркелкі ақ түсті күңгірт мәрмәр және қою түсті гранитпен жаңартылды. Күңгірт мәрмәр қоғамдық және діни ғимараттарды әрлеуде халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады. Сонымен қатар мешіттің ішкі бөлмелері мен инженерлік жүйелері жаңартылып, кіреберіс есіктері мен терезелері ауыстырылды. Намаз залдарына кондиционер жүйелері орнатылды.

«Ақмешіт-Сырдария» мешіті 2008 жылы Болат Жәмитұлы Өтемұратовтың қолдауымен бой көтерді. Содан бері ол Қызылорданың рухани және мәдени-ағартушылық өмірінде өзіндік орны бар. Бүгінде мешітке күн сайын шамамен 1 мың адам келеді. Біз үшін араға жиырма жылға жуық уақыт салып, Болат Өтемұратов Қорының мешітке қайта қолдау көрсетуі маңызды. Жүргізілген жұмыстар мешіттің келбетін сақтай отырып, келушілерге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді. Қолдау көрсеткен Қорға алғысымызды білдіреміз», – дейді «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Дастан Құрманбаев.

Жөндеу жұмыстарына 867 млн теңге жұмсалды. Жұмыстар алты ай бойы мешітті жаппай жүргізілді.

«Бұл – Болат Өтемұратов Қорының Қызылорда облысындағы алғашқы жобасы емес. Бұған дейін Қор «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалын іске қосты, «Асыл Мирас» аутизм-орталығын ашып, перинаталдық орталықты қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Қазір Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті және Берклидегі Калифорния университетімен бірлесіп, Арал теңізінің құрғап қалған түбінің экожүйесін қалпына келтіру жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Мешітті жаңарту – Қордың өңірдегі жүйелі жұмысының жалғасы», – дейді Болат Өтемұратов Қорының бас директоры Айнұр Кәрібозова.

Болат Өтемұратов Қоры 2014 жылдан бері Қазақстанның түрлі өңірлерінде білім беру, денсаулық сақтау, инклюзия, мәдениет, экология және әлеуметтік қолдау бағыттарында жобаларды жүзеге асырып келеді. Олардың қатарында Есік пен Қосшыдағы мектептер, Қосшыдағы комьюнити-орталық және Жезқазғандағы «Шабыт» Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы бар.

2014 жылдан бері Қордың әлеуметтік жобаларға бағыттаған қаражаты 250 млн доллардан асты.

TuraNews

Back to top button