Қырғызстанда егде жастағылар саны артуда
2025 жылдың басындағы деректерге сәйкес, Қырғызстанда 65 жастан асқан адамдардың үлесі 6%-ға (440 мың адамға) жетті.

2024 жылдың басында бұл көрсеткіш 5,7%-ды (407,9 мың адамды) құраған еді. Ұлттық статистика комитеті өкілдері өсімнің себебі — 1950–1960 жылдары туған көп адам зейнет жасына жетіп, еңбекке жарамсыз жастағы азаматтардың саны жыл сайын артып жатқаны екенін айтты, деп «Кабар» агенттігінің мәлімдейді.
БҰҰ классификациясына сәйкес, егер 65 жастан асқан адамдар үлесі 4%-дан төмен болса, халық «жас» деп саналады. Ал 4%-дан 7%-ға дейін болса, ел «қартайу шегінде» деп есептеледі. БҰҰ болжамдарына қарағанда, 2030 жылға қарай Қырғызстандағы егде жастағылардың үлесі 7%-ға жуықтайды.
2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елдегі зейнеткерлердің жалпы саны 813 538 адамға жетіп, олардың 642 959-ы жасына байланысты зейнетақы алады.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон министрлігінің мүгедектер мен егде жастағыларға қатысты шешімдер дайындау басқармасының басшысы Назгүл Чолумова заңға сәйкес әйелдер 58 жастан, ал ерлер 63 жастан егде жастағы санатқа жататынын еске салды.
— Бүгінде 7 миллионнан астам халықтың 400 мыңнан астамы 65 жасты еңсерген. БҰҰ өлшемдері бойынша егде жастағы азаматтар осы санатқа кіреді. Бірақ біздің заңымызда егде жастағы деп әйелдер 58 жастан, ерлер 63 жастан бастап саналады. Дегенмен бұл жастағы көптеген адам еңбекке қабілетті. Қазіргі уақытта 769 мың адам Әлеуметтік қор арқылы зейнетақы алады, ал шамамен 2 мың адам Еңбек министрлігі арқылы әлеуметтік жәрдемақы алып отыр, — деді ол.
2019 жылдан бастап егде жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту жоспары жүзеге асырылып келеді. 2023 жылы «Қолжетімді ел» бағдарламасы қабылданды. Ол мүгедектерге, егде адамдарға және жүкті әйелдерге арналған.
Еңбек министрлігінің өкілі елдегі өмір сүру деңгейінің өскенін атап өтті: ер адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы – 66 жас, әйелдердікі – 74 жас (салыстыратын болсақ: Жапонияда – 84–86 жас).
Оның сөзінше, 2030 жылға қарай Қырғызстан «қартайып бара жатқан елдер» қатарына енеді, бұл әлеуметтік, медициналық және басқа да салаларға жүктеменің артуына әкеледі. Қазірдің өзінде елде әлеуметтік қызметкерлер жетіспеушілігі мен арнайы үй кезегінің ұлғаюы байқалып отыр.
Чолумова егделерге арналған орталықтарды дамыту, белсенді әрі салауатты өмір салтын қолдау маңызды екенін, әр азамат денсаулығы мен қаржылық тәуелсіздігіне жауапкершілікпен қарап, егде жаста отбасы мен мемлекет үшін ауыртпалыққа айналмауы тиіс екенін айтты.