ӘлемБастыМәдениет
Trending

Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінде киіз үй тігілді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгияға ресми сапары қарсаңында Брюссельдегі Қазақстан дипломатиялық миссиясының аумағында дәстүрлі киіз үй тігілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Қазақстанның Бельгиядағы елшілігі Еуропадағы аумағы ең үлкен дипломатиялық өкілдіктердің бірі саналады. Брюссельдің тыныш Уккль ауданында орналасқан елшілік көне ғимараты мен әсем аумағының арқасында жергілікті тұрғындардың назарын аударады.

Қазір елшілік аумағындағы көгалда ұлттық нақышпен безендірілген қазақтың киіз үйі тігілген. Дипломаттар оны жұмыс кездесулерін өткізу үшін пайдаланып жүр.

Еуропа саясатының қақ ортасында, дәл осы шаңырақ астында Қазақстанның Еуроодақтағы елшісі Роман Василенко мен Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Алешка Симкич екіжақты әріптестіктің қазіргі жай-күйі мен келешегіне арналған бірлескен подкаст жазды.

– Брюссельде біздің киіз үйіміздің болғанына өте қуаныштымын. Бұл – біз үшін ерекше орын, мұнда өзімізді үйдегідей сезінеміз, – деді Роман Василенко.

Өз кезегінде еуропалық дипломат киіз үйдің Астана мен Брюссель арасындағы қатынастардың жаңа әрі өзара сенімге негізделген деңгейге көтерілгенінің жарқын символына айналғанын атап өтті. Алешка Симкичтің пікірінше, бүгінгі таңда тараптар арасындағы өзара іс-қимыл дәстүрлі шеңберден асып түсті.

– Менің ойымша, біздің қарым-қатынасымызды жай ғана стратегиялық әріптестік емес, стратегиялық достық деп атауға болады, – деді Алешка Симкич.

Еске салайық, Мемлекет басшысының Брюссельге ресми сапарының екі күндік бағдарламасы өте мазмұнды болмақ. Бағдарлама аясында Президент Еуропалық кеңестің төрағасы Антониу Коштамен және Еуропалық комиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйенмен келіссөздер өткізеді. Сонымен қатар еуропалық бизнес қауымдастығы жетекшілерімен ауқымды дөңгелек үстел отырысы жоспарланған.

Сарапшылардың пікірінше, Брюссельдегі қазақтың киіз үйі бұл күндері мәдени дипломатияның ғана емес, Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы қазіргі қарым-қатынастың да символына айналды. Олар шығыстық қонақжайлық пен прагматикалық ұлттық мүдде еуропалық маңызды шешімдер қабылданатын орталықпен табиғи түрде ұштасып отырғанын атап өтеді.

 

TuraNews

Back to top button