Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) аясында маңызды бастама талқылануда. Ұйымның бас хатшысы Кубанычбек Омуралиевтің мәлімдеуінше, алдағы уақытта Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтары шетелдік паспортты қолданмай, тек жеке куәлік арқылы өзара саяхаттай алатын жүйе енгізілуі мүмкін.
Қазірдің өзінде осындай тәртіп Әзірбайжан мен Түркия арасында жұмыс істейді. Енді бұл тәжірибені ұйымға мүше басқа мемлекеттерге де тарату мақсатында дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Біз бұл мүмкіндікті басқа түркі мемлекеттеріне де енгізу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Әңгіме Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан туралы болып отыр», – деді Кубанычбек Омуралиев. Дегенмен, жоба әзірге дайындық сатысында болғандықтан, оның нақты қашан іске қосылатыны әзірге хабарланған жоқ.
Қазақстандықтар қазір қай елдерге жеке куәлікпен бара алады?
Қазіргі таңда қазақстандықтар Ресей мен Қырғызстан аумағына шетелдік паспортсыз, тек жеке куәлік арқылы кіре алады. Сондай-ақ Қазақстан мен Армения арасында да шекараны жеке куәлікпен кесіп өтуге қатысты келісім жасалғанымен, Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша әзірге бұл бағытта сапар жасау үшін паспорт қажет. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Өзбекстан да азаматтардың өзара сапарлары кезінде паспортсыз, тек жеке куәлікпен жүруine мүмкіндік беретін келіссөздер жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, Өзбекстан мен Қырғызстан арасында мұндай тәртіп 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бері толықтай қолданыста.



