Саясат

Қазақстан мен Түрікменстан стратегиялық әріптестікті нығайтуға мүдделі

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Түрікменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі Рашид Мередовтың шақыруымен Ашхабадқа ресми сапармен барды, деп жазады TuraNews.kz.

Қазақстан мен Түрікменстанның сыртқы саяси ведомстволары басшыларының келіссөздері барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың басым бағыттары бойынша екіжақты ынтымақтастықтың өзекті аспектілері талқыланды. Достық, бауырластық, өзара сыйластық және тату көршілік рухындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге өзара ниеттілігі баса айтылды.

Қазақстан СІМ басшысы М. Нұртілеу аса жоғары және жоғары деңгейдегі саяси диалогты одан әрі нығайтудың, парламентаралық байланыстарды жандандырудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты тараптар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы қазанда Түрікменстанға және Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтың 2022 жылғы қазанда Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарлары аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Өз кезегінде Түрікменстан СІМ басшысы Р. Мередов бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынас стратегиялық әріптестік сипатын ала отырып, сапалы жаңа деңгейге шыққанын растады.

Тараптар тауар айналымы көлемінің өсуін қамтамасыз ету үшін, оның ішінде Қазақстан мен Түрікменстан арасында тауар айналымын ұлғайту және жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейту жөніндегі жұмыс тобының қызметін жандандыру арқылы, сондай-ақ Қазақ-түрікмен іскерлік кеңесін өткізу және бизнес-делегациялармен алмасу арқылы келісілген шаралар қабылдауға келісті. Бұл тұрғыда Экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі қазақ-түрікмен бірлескен үкіметаралық комиссиясы аясындағы кешенді жұмысқа маңызды рөл беріледі.

Екі елдің өңірлері арасындағы байланыстарды тереңдетудің орындылығы да белгіленді.

Отын-энергетика кешеніндегі, мұнай-газ және химия индустриясындағы, тоқыма индустриясындағы, ауыл шаруашылығындағы, экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы, өңірдегі су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелеріндегі, көлік және логистика, байланыс және телекоммуникация саласындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары мен перспективалары нақтыланды.

Министрлер мәдени-гуманитарлық қатынастарды дамыту ісінде білім, ғылым, бұқаралық ақпарат құралдары саласында, сондай-ақ мәдени алмасулар саласында әлеуеттің бар екенін атап өтті. Оның ішінде тараптар жоғары оқу орындары арасындағы тікелей байланыстарды жандандыруды және өзара мәдениет күндерін ұйымдастыруды жақтады, сондай-ақ түрікмен ақыны Махтумкули Фраганың 300 жылдығын мерекелеуге арналған бірлескен іс-шараларды өткізуді талқылады.

Министрлер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарын теңестірді». БҰҰ, ИЫҰ, ТМД сияқты халықаралық ұйымдардың желісі бойынша «ОА+» форматтарындағы көпжақты құрылымдар шеңберіндегі сындарлы ынтымақтастықты, сондай-ақ екі мемлекеттің халықаралық бастамаларын өзара қолдауды атап өтті.

Өңірлік кооперацияны одан әрі дамыту жөніндегі ынтымақтастық аспектілеріне, Каспий теңізінің мәселелеріне, Халықаралық Аралды құтқару қоры аясындағы тығыз ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түрікменстанның сыртқы саяси ведомстволары арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі М. Нұртілеу өзінің ресми сапары аясында Түрікменстанның Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.

TuraNews

Back to top button