Қазақстан мен Түркия арасындағы жаңа ынтымақтастық
Екі ел арасында ғарыш спутник жүйелері саласында ынтымақтастық нығайтылмақ
Turkish Aerospace компаниясының шақыртуымен Қазғарыш кәсіпорындарының өкілдері құрастыру-сынақтан өткізу кешеніне және ғарыш техникасының конструкторлық бюросына барып, компанияның өндіріс қуатымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Белгілі болғандай, Turkish Aerospace компаниясы TurkSat-6A ауыр класты ғарыш аппаратын өз бетінше жобалаған және жасаған.
Құрастыру-сынақтан өткізу кешенін аралау барысында қазақстандық делегацияға ғарыш аппаратының өзі және оның инженерлік үлгілері көрсетілді, олар конструкторлық бюроның жұмысын тамашалауға мүмкіндік алды.
«Бүгінгі таңда Turkish Aerospace компаниясы мен оның еншілес кәсіпорны GSatCom телекоммуникациялық спутниктерін құруға арналған негізгі платформа SmallGeo платформасы екенін ескере отырып, «KazSat-3R» ғарыштық байланыс жүйесін құру мақсатында осы өнімді пайдалану мүмкіндігін қарастыруға болады», — деп «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Василий Леонов перспективалық жоспарларын бөлісті.
Кездесу барысында түрік және қазақстандық мамандар Орталық Азия елдері мен Түркі мемлекеттері ұйымдарының мүддесі үшін бірлескен байланыс спутнигін құру жобасының жоспарларын талқылады.
Turkish Aerospace компаниясы осындай бірлескен жобаны іске асыру мүмкіндігін қолдауға, технологиялық алаң болуға және ғарыш жүйесін құруға ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасы үшін технологиялар трансфертіне де қатысуға, сондай-ақ аэроғарыш саласындағы қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыруға дайын екенін білдірді.
Тараптар меморандум дайындайды, оған сәйкес тараптар екі жақтың өндірістік қуаттарын тікелей іске қосу кезінде Қазақстан Республикасының мүддесі үшін спутниктік байланыс жүйелерінің перспективалық жобаларын іске асыру кезінде Turkish Aerospace техникалық шешімдерін пайдалану мүмкіндіктерін пысықтайды.
Құжатқа қыркүйек айының соңында Қазақстан астанасында өтетін «Digital Bridge-2022» цифрлық технологиялар, бизнес және IT туралы халықаралық форумда қол қойылады деп жоспарлануда.