Экономика

Қазақстан жаңа автомобильдер саудасы 16,4% өсті

Наурыз Қазақстан автонарығы үшін 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы ең табысты ай болды.

«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) берген мәлімет бойынша наурызда 15 203 жеңіл автокөлік және жеңіл коммерциялық техника, 725 жүк көлігі мен автобус сатылды, бұл көрсеткіш былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 16,4% жоғары. Жылдың алғашқы тоқсанында жалпы 39 468 автокөлік сатылды (+6%). Ал 2023 жылдың осы уақытында 37 248 машина иесін тапқан.

 «Наурызда тұтынушылар белсенді болып, 15 000 автомобиль сатып алды. Нарықта жоғары бәсеке әлі сақталып тұр, бұл сатып алушының көптеген модель арасынан таңдау жасай алатынын білдіреді. Статистика ел тұрғындарының ресми дилер арқылы жаңа автомобильдер алуды жиілеткенін көрсетті, мұндай жағдайда олар заң тұрғысынан сенімділік пен зауыт ұсынатын кепілдікті таңдайды. Сәуір айы нарықтың қазақстандық авторитейлын барынша дәлдікпен дамытудың негізгі трендтерін айқындайды», – деді Анар МАҚАШЕВА, ҚАО президенті.

©ҚАО

Елде ең көп өткен машиналар тізімінің басында үш ай қатарынан Hyundai (3 370 бірл.; былтырғы наурызбен салыстырғанда -10%) тұр. 1 810 автомобиль сатқан Kia екінші орын алды (-11,2%). Ал үшінші сатыға Chevrolet (1 374; -60,9%) тұрақтады. Төртінші қатарға жайғасқан Chery брендінің дилерлері 1 314 көліктің кілтін тапсырған (+84,6%). Бестікті бұл жолы Changan (1215; +286,9%) түйіндеді. Одан бөлек тізімде Haval (1 123; +262,3%), Toyota (1 094; +85,4%), Jetour (781 бірл.), Geely (701; +327,4%) және Jac (694 бірл.; +91,7%) бар.

Аса танымал модельдер қатарында әлі де Hyundai Tucson (2 226 бірл.) ешкімге дес бермей келеді. Одан кейін тізімде Chevrolet Cobalt (1 215 бірл.), Kia Sportage (808 бірл.), Haval Jolion (490 бірл.), Changan CS55 Plus (450 бірл.), Chery Tiggo 7 Pro (450 бірлік), Chery Tiggo 2 (402 бірлік), Kia Sorento (365 бірл.), Jetour X70 (354 бірл.) және Hyundai Elantra (344 бірл.) тұр.

Алғашқы тоқсан қорытындысы бойынша брендтер арасында Hyundai (9 286; -1,6%) көш бастады, 4 875 көліктің кілтін тапсырған Kia екінші қатардан орын алды (-12,6%), ал үшінші жүлде Chery-ге (3 441; +72%) бұйырды. Chevrolet дилерлері 3 337 автомобиль сатқан (-67,7%). Бесінші орындағы Haval-дың 2 311 өнімі өтті (+123,9%).

TuraNews

Back to top button