Ресейдің Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласында өтетін «Ресей – Ислам әлемі: KazanForum 2026» халықаралық экономикалық форумы 13 мамырда есігін айқара ашады.
17 мамырға дейін жалғасатын форумда халықаралық ұйымдардың өкілдері, үкімет мүшелері, қаржы институттары мен бизнес әлемінің жетекші тұлғалары бас қосып, Ресей мен ислам елдері арасындағы экономикалық және әлеуметтік ынтымақтастықты талқылайды.
Форумда исламдық қаржыландыру, халал индустриясы, инвестиция, сауда, логистика, туризм, мәдениет және медиа салаларында көптеген сессиялар мен іс-шаралар ұйымдастырылады.
Алғаш рет 2009 жылы өткізілген KazanForum Ресей мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) мүше елдер арасындағы экономикалық ықпалдастықтың ең маңызды платформаларының бірі ретінде қарастырылады.
Форум аясында Kazan Halal Market халықаралық сауда жәрмеңкесі де ашылады. Жәрмеңкеде халал сертификаты бар азық-түлік өнімдері, киім-кешек, косметика және түрлі секторлардың тауарлары көрсетіледі.
Шараның маңызды бөлімдерінің бірі Modest Fashion Day аясында Ресей мен өзге елдердің дизайнерлері мұсылман сәні үлгілерінің топтамаларын таныстырады.
Бағдарлама аясында сонымен қатар «Ресей және Ислам әлемі ынтымақтастығы Expo» іс-шаралары, халықаралық жылжымайтын мүлік жәрмеңкелері, мәдени бағдарламалар, көрмелер мен бизнес форумдар өткізіледі.
Өткен жылы ұйымдастырылған форумға 96 елден қатысушылар келсе, іскерлік бағдарламаларға 8 440 адам қатысты. Форумда 200 іс-шара мен 148 сессия өткізіліп, ұйымдастыру жұмыстарын 500-ден астам БАҚ өкілі бақылады.



