Президент кездесу барысында жұмыс сапарының негізгі мақсаты облыстағы ахуалмен танысу екенін айтып, Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы деп атап өтті, деп akorda.kz сайтына сілтеме жасап Turanews.kz хабарлайды.
Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыздың осында жерленгеніне тоқталып, былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілгенін айтты.
– Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр. Сол себепті, мен ата жолын ұстанып, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізуді ұсындым. Онда ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыздың осында жерленгеніне тоқталып, былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілгенін айтты.
Мемлекет басшысы кейінгі жылдары болған оң өзгерістерді атап өтті. Президенттің дерегіне сәйкес, Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артқан. 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынған. Сонымен қатар шаһар жасыл-желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарған. Тұрғындарды ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді деп айтуға болады. 2019 жылдан бері облысқа 2 миллионға жуық турист келген. Кейінгі үш жылда аймақтағы өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласы 1,5 есе өскен. Облыста 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылған.