БастыМәдениет
Trending

Қарағанды облысында бір қорғаннан қола және ерте темір дәуірлеріне тиесілі жерлеу орындары табылды

Абай ауданында археологтар бір ғана қорғаннан бірнеше ғасырлармен бөлінген екі тарихи кезеңге тиесілі жерлеу орындарын анықтады. Көне дәуірдің құнды жәдігерлері Құлайғыр ауылы маңындағы Құлайғыр-1 қорымында жүргізілген зерттеу жұмыстары кезінде табылды. Археологиялық зерттеулер Қарағанды облысының тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының тапсырысы негізінде жүзеге асырылды, деп хабарлайды Қарағанды облысының әкімдігі.

Зерттелген нысан – диаметрі шамамен 10 метр, биіктігі 40 сантиметрге дейін жететін дөңгелек пішінді қорған. Топырақтың үстіңгі қабаты алынғаннан кейін археологтар үш-төрт қатар болып қаланған тас тақталардан құралған шеңберлі қоршауды тапты. Оның ішкі бөлігінде тас үйіндісі орналасқан.

Қорғанның дәл ортасынан зерттеушілер Тасмола мәдениетіне жататын ерте темір дәуірінің жерлеу орнын анықтады. Марқұмды жерлеу ингумация дәстүрі бойынша орындалған: адам шалқасынан жатқызылып, денесі солтүстік-батыс – оңтүстік-шығыс бағытына қарай бағдарланған. Табылған жәдігерлер қатарында қола айна, белдік бөлшегі және адам сүйегі бар.

Алайда археологтар үшін басты жаңалық бұдан да терең қабаттан табылды. Тас үйіндісінің астынан олар орта қола дәуіріне жататын, біздің дәуірімізге дейінгі XVIII–XVI ғасырлармен мерзімделетін Нұра мәдениетінің көне жерлеу орнын анықтады.

Жерлеу құрылысы тас циста түрінде жасалып, солтүстік – оңтүстік бағытына қарай орналастырылған. Марқұмды жерлеу рәсімі кремация дәстүрі бойынша жүргізілген: өртенген сүйек қалдықтары жерлеу камерасының оңтүстік бөлігінен табылды.

«Бір қорғанның ішінен біз ғасырлармен бөлінген екі түрлі тарихи кезеңге жататын жерлеу орындарын анықтадық», – деді Қарағанды облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшысы Түлкібай Тілеуов.

Археологтар қосымша табылған жәдігерлер арасынан Нұра мәдениетіне тән геометриялық өрнекпен безендірілген қыш ыдыстардың сынықтарын, қола қапсырманы және өрнектелген тағы бір ыдыстың бөлшектерін тапты.ттеу жұмыстарының далалық кезеңі аяқталды. Енді табылған барлық артефактілер зертханалық сараптамаға жіберіледі. Ғылыми зерттеулер ежелгі Орталық Қазақстан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті мен жерлеу дәстүрлері туралы жаңа деректер алуға мүмкіндік береді.

TuraNews

Back to top button