Қасым-Жомарт Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Жоғарғы сот төрағаларымен кездесті Тоқаев бауырлас елдердің өкілдеріне соңғы жылдары мемлекетімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар жөнінде мәлімет берді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі
– Көп ұзамай, яғни, бірінші шілде күні Қазақстанның жаңа Ата заңы күшіне енеді. Конституция – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі. Бас құжатқа сәйкес еліміздің егемендігін, тәуелсіздігін және жеріміздің тұтастығын қорғау негізгі конституциялық міндет саналады. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ әрдайым бейбітшілікке ұмтылып, барлық елмен достық қарым-қатынас орнату мемлекетіміздің мызғымас қағидаты ретінде айқындалды. Жаңа сипатқа ие болған Конституцияда адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту еліміздің стратегиялық бағыты деп танылды. Ата заңымызда алғаш рет азаматтардың дербес деректерін, соның ішінде цифрлық кеңістіктегі жеке мәліметтерін қорғау туралы норма көрініс тапты. Бұған қоса адвокатура туралы арнайы бап қосылды. Конституция ережелерін жүзеге асыру мақсатында жақында бес конституциялық заңға қол қойылды. Бұған қоса, 70-тен астам Кодекс пен Заңға түзетулер енгізілді. Тамыз айында елімізде Құрылтай сайлауы өтеді. Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы жасақталады. Жалпы, мемлекеттік басқару жүйесі толық жаңғыртылады, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы сот және құқық қорғау саласын реформалау бойынша атқарылған ауқымды жұмысқа тоқталды.



