Қоғам

Өскемендік сарбаз Ұлттық ұлан чемпионатынан күміспен оралды

Орал қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кубогына арналған спорттық және жауынгерлік самбодан чемпионаты өтті.

Ел қорғаны саналатын айбынды құрылым сарбаздарының басын қосқан бұл додаға Ұлттық ұланның «Оңтүстік», «Орталық», «Шығыс» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарының, сондай-ақ Астана қаласындағы 5573, 6636 әскери бөлімдері, Алатау қаласындағы 6654 әскери бөлімі мен Петропавлдағы Ұлттық ұлан Әскери академиясынан 100-ге жуық спортшы қатысты.

Үш күнге созылған тартысқа толы додада «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының намысын Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі Илес Умирбаев қорғады. Әскери қызметші өткізген бес белдесуін айқын басымдықпен ұтып, тек ақтық сайыста «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшісіне есе жіберіп алған. Нәтижесінде 58 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанды.

— Шынтуайтына келгенде мен дзюдошымын. Дзюдодан спорт шеберіне үміткермін. Ал, жауынгерлік самбоға әскерде жүргенде ғана икемделіп, спорттың бұл түрінен тұңғыш рет боз кілемге шығып, бағымды сынап көрдім. Меніңше, нәтиже жаман емес. Егер жауынгерлік самбоның әдіс-тәсілдеріне бұрыннан машықтанғанда жеңімпаз атанар едім. Негізі күресе білетін адам кез келген жекпе-жек түрінен жеңімпаз атанады. Оны танымал спортшы Хабиб Нурмагомедов ММА жарыстарында талай мәрте дәлелдеді деп ойлаймын, — дейді қатардағы жауынгер Илес Умирбаев.

Ұлттық ұлан сапына Қызылорда облысынан шақыртылған қатардағы жауынгер Илес Умирбаев мектеп қабырғасынан дзюдо күресімен шұғылданған. Ұлттық ұлан сапына қосылған тұстан бастап жауынгерлік самбоны жанына серік етіпті. Өйткені, қызмет барысында жауынгерлік самбо әдістерін қолданады екен.

Мерзімді әскери қызметші бір жыл бойы Өскемен қаласының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Айте кетейік, салтанатты шараның марапаттау рәсіміне Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков қатысып, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтады.

 

TuraNews

Back to top button