Ұлттық ұланның Өскемен қаласында орналасқан 3477 әскери бөлімінде айтулы оқиға орын алды. 26 жыл ішінде алғаш рет әскери бөлім мерзімді әскери қызметшілермен толықты. Енді мемлекет үшін аса маңызды нысандарды күзету бойынша жауапты міндеттерді офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен қатар мерзімді қызмет сарбаздары да атқаратын болады.
– Бұған дейін бұл міндеттерді негізінен офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер атқарып келді. Енді олардың қатарына мерзімді әскери қызметшілер де қосылды. Әскери бөлімге келген сарбаздардың барлығы Отан алдындағы борышын өтегеннен кейін Ұлттық ұлан қатарында қызметін жалғастыруға ниетті. Осыған байланысты олар алты ай мерзімді әскери қызмет атқарып, кейін келісімшарт бойынша әскери қызметін жалғастырады. Өскемен қаласындағы әскери бөлімде мерзімді әскери қызметшілер соңғы рет 2000 жылы Отан алдындағы борышын өтеген еді, – деді 3477 әскери бөлімінің командирі полковник Айзат Атаев.
Жоспарға сәйкес, жаңадан келген сарбаздар бір ай бойы жас жауынгер курсынан өтеді. Осы уақыт ішінде олар әскери қызметтің бастапқы дағдыларын меңгеріп, алдағы міндеттерді орындауға дайындалады.
Отан алдындағы борышты өтеу – әрбір жас азаматтың өміріндегі маңызды кезең. Ал жас толымның әскери ант қабылдау рәсімі қараша айының басында салтанатты түрде өтеді деп жоспарланған.



