Басты

Өскеменде Ұлттық ұланның әскери бөлімі көпбалалы отбасыға естен кетпес демалыс сыйлады

Өскемендегі Ұлттық ұланның 5518 әскери бөлімінде Отан алдындағы қызмет пен отбасы құндылығы қатар дәріптеліп келеді. Бұл жолы әскери бөлім басшылығы аға сержант Данияр Есекиннің көпбалалы отбасына ерекше тосынсый жасап, демалыс күнін есте қаларлықтай өткізді.

Әскери қызметшінің отбасы үшін ұйымдастырылған күн қаладағы танымал «Sezam» кафесіндегі мерекелік дастарханнан басталды. Үстелге кәуап пен түрлі тәттілер жайылып, отбасы мүшелеріне қалаған тағамдарын таңдап, еркін жағдайда бірге уақыт өткізуге мүмкіндік берілді.

Алайда ұландықтардың сыйы мұнымен шектелмеді. Әскери қызметшінің балаларына «Куликов» кулинария дүкенінен арнайы тәтті тоқаштар табысталып, отбасылық демалыстың келесі кезеңі ұйымдастырылды. Балалар үшін бұл күн әдеткі демалыстан әлдеқайда ерекше болды.

– Бүгін біз үшін естен кетпес күн болды. Әкеміздің жұмыс орны бізге арнайы дастархан жайып, бірге уақыт өткізуімізге жағдай жасады. Өзіміз қалаған сүйікті тағамдарымызды таңдап, кәдімгі қонақта жүргендей сезіндік. Одан кейін отбасылық құндылықтарды дәріптейтін кино көрдік. Бізге көрсеткен құрметтері мен жасаған сыйлықтары үшін әскери бөлім басшылығына алғысымыз шексіз, – дейді әскери қызметшінің балалары.

Ұлттық ұлан қатарында он бес жылға жуық уақыттан бері абыройлы қызмет атқарып келе жатқан аға сержант Данияр Есекин қазіргі таңда 5518 әскери бөлімінің 2 жедел мақсаттағы батальоны автомобильді взводының 2-бөлімшесіне командирлік етеді. Мұндай бастаманың мақсаты – әскери қызметшінің еңбегін бағалап қана қоймай, оның артында тұрған отбасының да еңбегін елеу. Себебі әскери қызмет – тек әскери бөлім қабырғасындағы міндет емес. Отан қорғаушылардың жауапты қызметін түсініп, қолдап отырған отбасының орны да ерекше.

TuraNews

Back to top button