Қоғам

Өскеменде есірткі зертханасы жойылды

Ұстау кезінде 1,5 кг жуық дайын есірткі, бір жарым тонна прекурсор, сондай-ақ зертханалық және буып-түюге арналған жабдықтар тәркіленді.

Мамыр айында жиһаз бизнесінің атын жамылып, синтетикалық есірткі өндірісін жолға қойған жергілікті тұрғын ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Қойманы жалға алған тұрғын жабдықтар мен химиялық заттар әкелген. Ұстау кезінде 1,5 кг жуық дайын есірткі, бір жарым тонна прекурсор, сондай-ақ зертханалық және буып-түюге арналған жабдықтар тәркіленді.

«Тексеруден кейін оның Қостанай, Петропавл қалалары және Алматы облысындағы ұқсас зертханалармен байланысы бар екені анықталды. Полиция қызметкерлері қылмыскерлердің қозғалыс маршруты және күн тәртібін бақылауда ұстады. Осылайша полицейлер бір мезетте бірқатар өңірде операция жүргізді», – дейді ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Рудный қаласында жалдамалы үйдің моншасын зертхана етіп жабдықтаған екі адам ұсталды.

300 грамнан асатын дайын есірткі, химиялық заттар, қорғаныш костюмдер және жабдықтар тәркіленді. Олардың көлігінен сатуға дайын есірткі табылды.

Алматы облысында мефедрон өндірісімен айналысқан тағы екі күдікті ұсталды.

Өндірістің соңғы сатысындағы есірткі, прекурсорлар және жабдықтар тәркіленді.

Тергеу кезінде ұсталғандар есірткі жасырылған он жерді көрсетіп, жалпы салмағы шамамен 3 кг асатын есірткі анықталды.

«Жалпы қала көшелеріне синтетикалық есірткінің 11 мыңға жуық дозасының таралуына тосқауыл қойылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 6 кг астам синтетика заңсыз айналымға жіберілмеді, 4 тоннаға жуық прекурсор тәркіленді. ІІМ қоғам қауіпсіздігіне бейжай қарамайтын азаматтарға алғыс білдіреді және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді жалғастыратын болады. Бірлесіп қана біз қалаларды қауіпсіз етіп, балаларды есірткі қаупінен қорғай аламыз», -дейді департамент бастығы, ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

TuraNews

Back to top button