Қоғам

Облыс орталығында тазалық күнінде 250 көшет отырғызылды

Бүгін Өскемен қаласында жалпыхалықтық «Таза Қазақстан» бағдарламасы және Дүниежүзілік тазалық күні — World Cleanup Day аясында ауқымды экологиялық акция өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Экологиялық шараның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғауға қоғамның назарын аудару, қаланы абаттандыру және тұрғындардың табиғатты таза ұстауға деген жауапкершілігін арттыру.

Шараның негізгі бөлігі Тәуелсіздік монументі аумағында ұйымдастырылды. Мұнда 250 көшет отырғызылды. Көшеттердің биіктігі 1,5-2 метрді құрайды. Жаңа көшеттер алдағы уақытта аумақтың көркін арттырып, қаланың жасыл желегін толықтыруға үлес қосады.

Шараға жалпы саны 700-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында жоғары оқу орындары мен колледждердің 200 студенті, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, мемлекеттік және коммуналдық мекемелердің қызметкерлері бар. Әртүрлі сала өкілдерінің бірлесіп қатысуы экологиялық бастамалардың ортақ іске жұмылдыратынын көрсетті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Таза Қазақстан» — жай ғана науқан емес. Бұл — халқымыздың көзқарасын, болмысын өзгерте алатын өте маңызды жоба». Тазалық — тек айналаны қоқыстан арылтумен шектелмейді. Ол — туған жерге жанашырлық таныту, қоғамдық жауапкершілікті сезіну және келер ұрпаққа үлгі болу. Әр таза аула, әр көрікті көше мен саябақ — баршамыздың ортақ еңбегіміздің нәтижесі. Осы игі бастамаға белсене атсалысып отырған барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін», — деді аймақ басшысы.

Нұрымбет Сақтағанов та шараға қатысушылармен бірге көшет отырғызды. Акция барысында жиналғандар аумақты тазалап, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар қатысушылар ортақ аумақтың тазалығын сақтауға және қаланың жасыл желегін көбейтуге бағытталған жұмыстарға атсалысты.

Айта кетейік, Президенттің 2021-2027 жылдары 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Шығыс Қазақстанда 2027 жылға дейін 76 млн көшет отырғызу жоспарланған. Соңғы бес жылда өңірде 40 млн-нан астам көшет отырғызылды. Биыл 1,5 мың гектар аумаққа 6,1 млн көшет егілді. Бұл жұмыстар өңірдегі көгалдандыру және орман қорын толықтыру бағытындағы шаралардың жалғасы болып отыр.

TuraNews

Back to top button