БастыСаясат
Trending

Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы:

«Бүгінгі Парламенттің қос Палатасының бірлескен отырысының тарихи мән-маңызы айрықша деп айтсақ, дұрыс болар. Бұл дүйім халқымыз үшін де айқын нәрсе, ақиқат.

Бүгін біз мемлекетіміздің заң шығарушы органы – Парламенттің кезекті сессиясын аяқтап, Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір дәуірді қорытындылап отырмыз. Осылайша, тереңнен тамыр тартқан мемлекеттігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрмыз.

Ертең Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енеді. Ұлт заңымен қатар, мемлекеттік билік жүйесі де түбегейлі жаңа сипатқа ие болмақ. Қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай келеді. Жалпы, бұл өзгеріс Қазақстанда тарихи сабақтастық бар екенін анық көрсетеді».

Қасым-Жомарт Тоқаев:
 
«Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын елімізде тұңғыш кәсіби Парламент құрылды. Мүлде жаңа институционалдық үлгіге көшкен заң шығарушы орган мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қосты, сондай-ақ еліміздің құқықтық негізін қалыптастыру және нарықтық экономиканы орнықтыру ісінде маңызды рөл атқарды.

Қысқаша айтсақ, отыз жылдың ішінде 3,5 мыңға жуық аса қажетті заң қабылданды. Ал әрбір оныншы заңға депутаттар өздері бастамашы болды.

Заң шығару жүйесінің қайнар бастауында бүкіл халқымызға және халықаралық қауымдастыққа танымал саясаткерлеріміз, көрнекті мемлекет қайраткерлері, белгілі қоғам қайраткерлері тұрды. Олардың жемісті еңбегі Парламент тарихында өшпес із қалдырды. Қажырлы қызмет халқымыздың жадында мәңгі сақталып қаларына күмән жоқ.

Парламент әрдайым уақыт талабына тез бейімделіп, қоғам сұранысына лайықты жауап бере алатын жасампаз құрылым болды.

Парламент мемлекетіміздің басты өкілді органы қоғамның түрлі саласындағы кәсіби мамандарды бір мақсатқа тоғыстырды. Елімізде саяси және заңнамалық тұрғыдан сапасы жоғары парламенттік мәдениет қалыптасты.

Бұл – Қазақстанды дамыған ел ретінде айқындайтын ең маңызды көрсеткіштің бірі.

Түптеп келгенде, Парламенттің әрбір шақырылымы Қазақстанның алға қарай нық сеніммен қадам басуына зор серпін берді, басқаша айтсақ, ұлтымыздың эволюциялық өрлеу жолының жарқын үлгісіне айналды».

Президент:

«Мен Парламенттегі қайнаған еңбектің, онда қабылданған әрбір заңның Тәуелсіз еліміздің келешегі үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін.

Осы тарихи сәтке орай, ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, елге мінсіз әрі адал қызмет еткені үшін барлық шақырылымдағы Мәжіліс пен Сенат депутаттарына шынайы ризашылығымды білдіремін.

Әсіресе, Парламенттің қазіргі құрамына, яғни сіздерге алғысым зор. Бұл шақырылымды Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамның бірі деп сеніммен айтамын. Себебі сіздер мемлекетіміздің дамуындағы өте күрделі және шешуші кезеңде жұмыс істедіңіздер.

Баршаңыз ел өмірінде болып жатқан ауқымды өзгерістердің бастауында тұрдыңыздар. Қаншалықты қиын болса да, түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру жолында табанды еңбек еттіңіздер. Сын сағатта жауапкершіліктен жалтармай, мемлекетіміз үшін аса қажетті реформаларды жүргізуге ұйытқы болдыңыздар.

Тек кейінгі үш жылдың өзінде 300-ден астам өте маңызды заң қабылданды. Олардың қатарында еліміздің алдағы биік белестерінің сенімді арқауы болатын, тарихи мәні зор конституциялық заңдар мен кодекстер бар.

Біз біртұтас ұлт болып мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту ісін қолға алдық. Экономикадан бастап қоғамдық құндылықтар жүйесіне дейін – ел өмірінің барлық саласында ауқымды өзгерістер жасалды. Әрине, дәуірлік ауқымдағы мұндай реформалардың бел ортасында жүру – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік.

Осы тұрғыдан алғанда, сіздер өздеріңізге жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықтыңыздар. Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру үшін қажырлы еңбек еттіңіздер.

Сіздердің табанды, мардымды еңбектеріңіз еліміздің жылнамасында қалатынына күмән болмауы керек.

Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды, зымырап өтіп жатыр. Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде шын мәнінде жаңашыл әрі батыл қадамдар жасалуға тиіс. Осы өзекті мәселені мен бұрын да бірнеше рет айтқам. Бұл – заман талабы».

Мемлекет басшысы:

«Халықаралық ахуал уақыт өткен сайын күрделеніп, құбылып, тұрақсыздық белең алғанын көріп, біліп отырсыздар. Бұл жағдай жаһандық экономикаға орасан зардабын тигізіп жатыр.

Халықаралық валюта қоры мен Біріккен Ұлттар Ұйымының құзырлы агенттіктерінің болжамы бойынша алдағы екі жылда әлем қауымдастығы, соның ішінде жекелеген мемлекеттер экономикалық жоспарларын жүзеге асыру кезінде едәуір қиындыққа тап болуы мүмкін.

Бірақ еңсені түсіріп, үрейге бой алдыруға болмайды. Үкімет елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін барынша белсенді және ширақ жұмыс істеуге тиіс. Инфляцияны тежеп, оны мейлінше төмен деңгейге жеткізген жөн, сондай-ақ экономиканың қарқынын төмендетпей, керісінше, оның көрсеткіштерін ұлғайту қажет».

Президент

«Бәріңізге белгілі, ертең мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту жұмысы ресми түрде бастау алады. Мұны кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды.

Себебі, бұл – еліміз үшін мүлде жаңа тарихи кезең басталады, яғни мақсаты да, мағынасы да мүлде бөлек, бұрын-соңды болмаған өзгерістер іске асады деген сөз.

Басқаша айтсақ, біз қазақ мемлекеттігінің «ғимаратына» күрделі жөндеу жүргізуді көздеп отырмыз.

Біз ел Тәуелсіздігінің мызғымас тұғыры мен іргетасын көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре түсуге міндеттеміз.

Бұл – аса маңызды міндет. Оған мемлекеттік қызметте, академиялық институтта, ғылыми және саяси зерттеулер орталықтарында, үкіметтік емес секторда, халықаралық ұйымдарда қызмет ететін, осы іске қатысы бар азаматтардың барлығы атсалысуы қажет.

Былтырғы Жолдауымда Қазақстанды үш жылдың ішінде дамыған цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде міндет қойғанымды білесіздер. Еліміздің келешегі осы мақсатты қалай іске асыратынымызға байланысты.

Біз Қазақстанның Тәуелсіздігі мен Егемендігін сенімді түрде қорғау мәселесін әлі түбегейлі шешкен жоқпыз. Мұны ешқашан естен шығармайық. «Жау жоқ деме жар астында» деген тәмсілді әрқашан қаперде ұстаған жөн.

Біздің басты мұратымыз – халықтың әл-ауқатын арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл көрсеткіштерді ұдайы көтеріп, осы үрдісті үздіксіз жалғастыра беруіміз қажет.

Сондықтан біздің мұндай кезде қол қусырып отыруға құқымыз жоқ. Алдымызда тұрған аса ауқымды әрі күрделі міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін табанды, нәтижелі еңбек етуіміз керек.

Осы тұста бірлесіп атқарған жұмысты қорытындылап, алдағы даму жоспарымызды айқындап алу қажет деп санаймын».

Қасым-Жомарт Тоқаев:
 
«Бірінші. Мемлекеттік биліктің жаңа құрылымын қалыптастыру.

Әлгінде айтып өткенімдей, осы шақырылымдағы Парламент депутаттары заң шығару ісінде сапалы жұмыс атқаруымен есте қалады. Депутаттар корпусы өз қызметінде бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсетті.

Сіздер Әділетті Қазақстанның негізін қалау үдерісіне, сондай-ақ Конституцияны әзірлеп, қабылдауға зор үлес қостыңыздар.

Кез келген депутат саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің келесі буынына, балалары мен немерелеріне: «Мен 2026 жылы қабылданған Конституцияны дайындауға тікелей қатысқанмын» деп еш ұялмай айта алады.

Жалпы, депутаттық корпус парламенттік реформаны толық қолдады. Сол арқылы саяси және азаматтық жауапкершілік танытып, ұлт мүддесі бәрінен биік тұратынын бүкіл әлемге паш етті.

Осында отырған біраз депутат Конституциялық комиссия құрамында болды. Сіздер азаматтармен кездесіп, мемлекетіміздің тұрпатын өзгертетін, экономикалық әлеуетін күшейтетін реформалардың мән-маңызын жұртшылыққа жан-жақты түсіндіріп бердіңіздер.

Сіздер жалпыхалықтық референдумда Ата заңымыз қабылданған соң мемлекетіміздің құқықтық жүйесін жедел әрі сапалы жаңарту жұмысын жүргіздіңіздер.

Өте қысқа мерзімде еліміздің заңнамасын жаңа Конституция нормаларына сай өзгерту жұмысын атқардыңыздар. Атап айтқанда, Парламент 9 заң топтамасын, соның ішінде 6 конституциялық заңды шұғыл әзірлеп, қабылдады».

Мемлекет басшысы:

«Нәтижесінде мемлекеттік биліктің «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» деген базалық формуласы толыққанды институционалдық мәнге ие боды.

Жаңарған билік тармақтарының теңгерімді жүйесінде Президент Тәуелсіздік пен мемлекет тұтастығының символы, Конституцияны және азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың кепілі ретінде бұрынғыдай басты рөл атқарады.

Қазақстан президенттік республика болып қала береді. Мұны түсіну, ескеру өте маңызды. Яғни Президент – мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы, Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы, барлық құқық қорғау органдарының басшыларын тағайындайды, елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, Қазақстан атынан халықаралық аренада өкілдік етеді.

Сонымен қатар жаңғырту жұмыстары парламенттік жүйені одан әрі трансформациялау тетіктерін де қарастырады.

Құрылтайдың алдында барлық бюрократиялық рәсім түріндегі кедергілерді жою, заң шығару ісінің жеделдігі мен сапасын арттыру, білікті сарапшылардың және консультанттардың қызметін тиімді ұйымдастыру міндеті тұр.

Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде Құрылтайға ұлттық заңнаманы тез өзгеріп жатқан цифрлық матрица жағдайына шұғыл бейімдеу үшін қарқынды жұмыс істеуге тура келеді.

Бұл – өте маңызды. Қазақстанның жаһандық бәсекеге қаншалықты дайын екені осыдан көрінеді».

 

TuraNews

Back to top button