
– Шын мәнінде, бүгін – еліміз үшін тарихи күн. Тұңғыш рет бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізіп отырмыз. Бұл – маңызды тарихи оқиға. Біз біртұтас ел болып, ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Мұны бәріңіз білесіздер, куә болып отырсыздар. Ойдағыдай нәтижелерге қол жеткіздік. Дегенмен алдымызда тұрған жұмыс ауқымды, мақсатымыз маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі сайлау – осы жұмыстың бастауы ғана, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Рауль Ғабитов, 24kz телеарнасының тілшісі:
– Құрылтай іске кіріскеннен кейінгі өзгерістерге тоқталсаңыз. Сіздің ойыңызша, жаңа заң шығарушы орган бірінші кезекте қандай заңдарды қабылдайды? Құрылтай депутаты қандай қасиетке ие болуы керек? Оның сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі қандай?
«Әлгінде ғана айтқанымдай, алғашқы бір палаталы Парламент сайлауының тарихи мәні зор. Құрылтай сайлауына үлкен үміт артамын. Еліміздің дамуына тың серпін береді деп санаймын. Жаңа тұлғалар мен жаңа идеялар пайда болды. Жастардың ой-пікірін еркін жеткізуін, мемлекетіміздің қалыптасуына үлес қосуын әрдайым қолдаймын. Депутаттар, ең алдымен, заңның сапасына жауап береді деп сенемін. Екіншіден, олар берген уәделерін немесе бағдарламаларын орындауға тиіс. Үшіншіден, ел дамуына ықпал ететін заңдар қабылдануы керек. Қазір заман күрделі. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Сондықтан туған елімізді озық, заманауи мемлекетке айналдыру жолында күш-жігерімізді біріктіру керек. Бұл ретте Конституция бізге мол мүмкіндік береді. Біртұтас ел болып қабылдаған Жаңа Конституциямыз өте озық, мазмұнды құжат деп айтсақ, қателеспейміз. Сондықтан Ата Заң бізге, әсіресе, жастарға жарқын жол нұсқайды. Келешегіміз – жастардың қолында. Оған күмән жоқ» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.




