Лондондық «Арсенал» 20 жылдан кейін Чемпиондар лигасының финалына шықты
Лондондық «Арсенал» футбол клубы араға жиырма жыл салып UEFA Чемпиондар лигасының финалына жолдама алды, деп хабарлайды БЕЛТА.
Жартылай финалдың жауапты кездесуінде Англия астанасында алаң иелері мадридтік «Атлетико Мадрид» командасын 1:0 есебімен жеңді. Бірінші таймда аздаған басымдыққа ие болған лондондықтар үзіліс алдында оны голға айналдыра алды – команда капитаны Букайо Сака мергендік танытты. Екінші таймда қонақтар жиі шабуылдағанымен, есепті теңестіре алмады.
Өткен аптада Мадридте өткен алғашқы матч 1:1 есебімен аяқталған еді. Ол кезде қос команда пенальтиден гол алмасқан. «Арсенал» биылғы Чемпиондар лигасында әлі жеңіліс таппаған жалғыз клуб болып отыр. 14 матчта олар 11 жеңіске жетіп, 3 рет тең түсті.
Лондондық клуб үшін алдағы финал тарихындағы екінші финал болмақ. Бұған дейін 2006 жылы Парижде өткен шешуші кездесуде ағылшындар «Барселонадан» 1:2 есебімен жеңілген.
6 мамыр, сәрсенбі күні қазіргі чемпион «Пари Сен-Жермен» Мюнхенде «Бавариямен» кездеседі. Бір апта бұрын Парижде өткен ойында француз клубы Германия чемпионын 5:4 есебімен ұтқан.
Бұл кездесуде «Баварияның» шабуылшысы Харри Кейн осы маусымдағы Чемпиондар лигасындағы 13-голын соқты. Ол мергендер жарысында тек мадридтік «Реалдың» ойыншысы Килиан Мбаппеге ғана жол береді – француз шабуылшысы 15 рет көзге түскен.
Еуропаның басты клубтық турнирінің 71-маусымындағы финалдық ойын 30 мамыр күні Будапешт қаласында өтеді.



