Кәсіби мерекеде ұлытаулық БАҚ қызметкерлері баспаналы болды
Ұлытау облысында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, ақпарат саласының үздік өкілдері марапатталды.
Дәстүрлі мерекелік жиында Ұлытау облысы әкімінің арнайы «Ұлар» сыйлығы табысталып, өңір журналистерінің еңбегі жоғары бағаланды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыстың екі журналисіне екі бөлмелі пәтердің кілттері тапсырылды. Ұлытау облысының әкімі Дастан Адайұлы Рыспеков «Хабар» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Елдос Кәкенов пен «Аймақ ақшамы» газетінің аға тілшісі Мейрамкүл Алпысбаеваға пәтер кілттерін салтанатты жағдайда табыстады.
Салтанатты жиынға қатысқан Ұлытау облысының әкімі журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, қоғам мен мемлекет арасындағы алтын көпірге айналған ақпарат саласы өкілдерінің өңірдің дамуы мен ел бірлігін нығайтудағы ерекше еңбегін атап өтті. Өңір басшысы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне шынайы алғысын білдіріп, жауапты қызметтеріне табыс тіледі.
Мереке аясында сала ардагерлері мен үздік мамандарға мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды. Атап айтқанда, «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдары, «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгілері, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамоталары мен Алғысхаттары тапсырылды. Сондай-ақ бірқатар журналистер мен медиа саласының қызметкерлері Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің Алғысхатымен марапатталды.
Кештің басты оқиғаларының бірі – Ұлытау облысы әкімінің «Ұлар» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Биыл сыйлықтың 13 номинациясы бойынша үздік атанған журналистерге 500 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейінгі ақшалай сыйақылар табысталды.
Мерекелік іс-шара өңір журналистерінің қоғамдағы маңызды миссиясына құрмет көрсетіп, олардың кәсіби еңбегін лайықты бағалаудың жарқын көрінісіне айналды.



