ЖАС МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов өңірдегі жас мемлекеттік қызметшілермен арнайы кездесу өткізді. Шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жастардың рөлін күшейту, олардың кәсіби дамуына қолдау көрсету және мемлекеттік басқару саласындағы өзекті мәселелерді талқылау болды.
Аймақ басшысы өз сөзінде жастар саясатын қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, жас мамандардың ел дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.
«Президентіміздің басшылығымен және қоғамның белсенді қолдауымен еліміздің жаңа Ата Заңы жалпыхалықтық референдумда қабылданды. Мемлекет басшысының Әділетті, Қуатты әрі Таза Қазақстан құру жолындағы барлық бастамаларын Сыр жұртшылығы, оның ішінде жастарымыз әрдайым қолдайды.
Еліміздегі ауқымды реформаларды жүзеге асыруда жастарға ерекше көңіл бөлініп, жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бүгінде аймақ халқының шамамен 30 пайызын жастар құрайды. Осыған байланысты жастарды қолдау, олардың әлеуетін арттыру – өңір дамуының маңызды бағыты», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Ол сондай-ақ жастарға арналған әлеуметтік және экономикалық қолдау шараларына да тоқталды. Өткен жылы жастар саясатын дамыту және қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен 2 млрд 105 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасына 1 млрд 200 млн теңге бюджеттен және 500 млн теңге «Отбасы банкінен» қарастырылып, бағдарлама аясында 2023 жылдан бері жыл сайын 100 жас отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіліп келеді. Олардың қатарында жас мемлекеттік қызметшілер де бар.
Жастар бастамалары мен жобаларын қолдау мақсатында 310 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, түрлі әлеуметтік, мәдени және инновациялық жобалар жүзеге асырылуда.
Кездесу барысында ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов жас мемлекеттік қызметшілермен еркін форматта пікір алмасып, мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибесімен бөлісті. Ол жастардың сұрақтарына жауап беріп, олардың ұсыныстары мен бастамаларын тыңдады.
Айта кету керек, бүгінде Қызылорда облысында 3 300-ден астам мемлекеттік қызметші еңбек етсе, олардың 430-дан астамы – жас мамандар. 58 жас қызметкер басшылық лауазымдарға тағайындалып, жас басқарушылардың жаңа буыны қалыптасуда.
Сонымен қатар өңірлік кадр резерві арқылы 14 жас маман мемлекеттік қызметке қабылданды. Білімді жастарды қолдау мақсатында мемлекеттік қызметке орналасу талаптары жеңілдетіліп, жоғары оқу орнын үздік бітірген 18 түлек аудандық және ауылдық деңгейдегі лауазымдарға конкурссыз тағайындалды.
Жалпы алғанда, мұндай кездесулер жас мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуына серпін беріп қана қоймай, мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді.



