Экономика

Ірі өнеркәсіптік жоба: Абай облысына Қытайдан 4 млрд доллар инвестиция тартылады

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Қытай Халық Республикасының Ордос қаласында «Ішкі Моңғолия Ваньцзян Инвест» компаниясымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Құжат аясында Абай облысында жылына 300 мың тонна алюминий өнімін шығаратын зауыт салу, сондай-ақ, жалпы қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станцияларын іске асыру жоспарлануда. Жобалардың жалпы инвестициялық құны 1,5 млрд АҚШ долларын құрайды.

Аталған бастамалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және облыс экономикасына тың серпін беруге бағытталған.

Аймақ басшысы бұл жобалардың Абай облысы үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтіп, инвесторлармен бірлескен жұмысты жүйелі түрде жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, облыс әкімі кеше осы компанияның өндірістік кешенінде болды. Компания көмір өндіру, тасымалдау, өңдеу, жаңа энергетика, жабдық шығару, құрылыс және басқа да бағыттарды қамтитын ірі көпсалалы кәсіпорындардың бірі саналады. Жылдық айналымы 5 млрд юаньнан асатын компания құрамында 30-дан астам еншілес кәсіпорын жұмыс істейді. Мұнда 200 адам еңбек етеді. Қазіргі таңда кәсіпорын Қытайдың көптеген өңірінде және Қазақстанда бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді.

Облыс әкімі сондай-ақ Ордос қаласындағы бірқатар заманауи өндіріс орындарын аралап, олардың жұмысымен танысты.

«Inner Mongolia Wanzhong Yinuan Technology Co., Ltd» кәсіпорны энергия үнемдейтін әрі экологиялық таза жылыту жабдықтарын шығарады. Заманауи автоматтандырылған өндіріс орны жылына 300 мыңға дейін жылыту құрылғысын өндіруге қауқарлы. Кәсіпорында өндірістің барлық кезеңі цифрландырылған технологиялар негізінде ұйымдастырылған.

«Ordos Wanpu Shanfang Food Co., Ltd» тағам өндірісі зауыты дайын тағамдар мен жартылай фабрикаттар өндіруге маманданған. Зауытта шикізатты қабылдау, өңдеу, әзірлеу, қаптау, салқындату және мұздатудың толық өндірістік циклі жолға қойылған. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына шамамен 20 миллион қаптама дайын және жартылай дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Өндіріс орындарын аралау барысында өнеркәсіп, жаңа энергетика, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Тараптар озық өндірістік тәжірибені енгізу және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне назар аударды.

Ерекше атап өтерлігі, облыс әкімі Берік Уәли бастаған өңір делегациясының Қытай Халық Республикасына

жұмыс сапары қорытындысында 4 миллиард АҚШ долларын құрайтын меморандумдарға қол қойылды.

 

TuraNews

Back to top button