
Ұлттық домбыра күні қарсаңында Ұлан ауданындағы Балалар музыка мектебінің аумағында ұлттық музыкалық мұраға арналған шағын сәулет нысанының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл нысан қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүріне деген құрметтің тағы бір айқын белгісіне айналмақ.
Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары М. Піржанов, Қасым Қайсенов кенті Ақсақалдар кеңесінің төрағасы А. Уәлиев, Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицейінің директоры О. Рахман, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы А. Әшімова, сондай-ақ қоғам өкілдері, ұстаздар, оқушылар және аудан тұрғындары қатысты.
Жиналған қауымды Ұлттық домбыра күнімен құттықтаған құрметті қонақтар домбыраның жай ғана музыкалық аспап емес, ұлттық болмыстың, рухани байлықтың және ұрпақтар сабақтастығының маңызды символы екенін атап өтті. Құттықтау сөздерінен кейін жаңа нысанның ашылуын білдіретін дәстүрлі лента қию рәсімі өтті.
Мерекенің көркін Балалар музыка мектебінің ұстаздары мен тәрбиеленушілерінің өнері айшықтай түсті. Олардың орындауында Ұлы даланың тарихы мен рухын, халықтың болмысын бейнелейтін әйгілі қазақ күйлері шырқалды. Домбыраның қоңыр үні мерекеге ерекше сән беріп, ұлттық мәдениеттің байлығы мен мәңгілік құндылығын тағы бір мәрте паш етті.
Ұлттық домбыра күні қарсаңында жаңа нысанның ашылуы ауданның мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналды. Осындай игі бастамалар ұлттық мұраны сақтап, кеңінен насихаттауға, жастардың дәстүрлі өнерге деген құрметін арттыруға және ата-бабадан аманат болған рухани құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізуге зор үлес қосады.



