ӘлемТуризм
Trending

Енді Анкараға күн сайын ұшуға болады

Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасы кеңейе түседі. Түркияның AJet әуе компаниясы Анкара мен Астана арасындағы тікелей рейстер санын кезең-кезеңімен аптасына жеті рейске дейін арттыруды жоспарлап отыр.

Жаңа кесте енгізілгеннен кейін екі елдің астанасы арасында күн сайын ұшуға мүмкіндік туады. Бұл Қазақстан мен Түркия арасындағы туристік ағынның артуына, іскерлік байланыстардың нығаюына және жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді, деп жазады Astanalife.kz сайты.

Қазіргі таңда AJet Анкара – Астана бағыты бойынша тұрақты рейстерді жүзеге асырып келеді. Компания сұраныстың өсуіне байланысты ұшу жиілігін көбейтуді көздеп отыр. Әуе қатынасының кеңеюі Қазақстан азаматтарына Түркияның астанасына және одан әрі елдің өзге өңірлеріне ыңғайлы қатынауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Анкара халықаралық транзиттік бағыттардың бірі болғандықтан, жолаушылар басқа мемлекеттерге де оңай ұша алады.

Анкарадағы Есенбоға халықаралық әуежайы мен Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы арасындағы тікелей рейстің ұзақтығы шамамен 4,5–5 сағатты құрайды.

AJet – Turkish Airlines құрамына кіретін лоукостер әуе компаниясы. Соңғы жылдары тасымалдаушы халықаралық бағыттар желісін белсенді түрде кеңейтіп, жаңа рейстер ашып келеді. Компанияның мәліметінше, бағыттар санын көбейту халықаралық жолаушылар ағынының өсуіне және өңірлік байланыстарды дамытуға бағытталған.

Сарапшылардың пікірінше, рейстер санының артуы екі ел арасындағы туризмнің дамуына ғана емес, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың нығаюына да оң әсер етеді.

TuraNews

Back to top button