Әзербайжандықтар Наурыз мерекесін тойлауды бастап кетті
Әзербайжанда «Су сейсенбісі» мейрамы тойланып жатыр. Жергілікті халық үшін бұл Наурызға дайындықтың басы болып есептеледі, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.
«Су чершенбеси» мейрамын қазақ тіліне тікелей аударса, «су сейсенбісі» деген мағына береді. Кейбір деректі оның түпкі мағынасы «бастапқы сейсенбі» немесе «сейсенбілердің басы» дегенге саяды. Ескі наным бойынша «су сейсенбісі» күнінде суға тәу ету керек болған. Бұл күні Күн ұясынан шыққан сәтте алынған су «жаңа су» болып есептелген. Ол су мыңнан бір дертке дауа болатын қасиетке ие деген сенім болған.
Дәстүр бойынша бұл күні дастарханда міндетті түрде су тұруы шарт. Ол су үстел үстіне төгілсе, жақсылықтың нышаны деп ырымдаған. Демек, бұл жылда молшылық болады деп сенген. Бірақ бұл күні ағынды суды кешіп өткен адамның жолы болмайды деген наным болған. «Су сейсенбісінде» алау жағу арқылы көтемнің алғашқы лебін қарсы алу дәстүрі болған.
«Су сейсенбісі» деп аты айтып тұрғандай, бұл мейрамда тұрғындар арықтарды аршып, бұлақтардың көзін ашқан, тоғандардың маңайын тазалаған. Бұл шаруаның бәрі ән-думанмен, сумен байланысты жоралғылармен көмкеріліп отырған.
Наурыздың жоралғыларының төрт негізгі нышаны От, Су, Жер, Ауа десек, әзербайжан халқы осы төрт нышанға арнап төрт сейсенбіні мерекелейді – «Су сейсенбісі», «От сейсенбісі, «Топырақ сейсенбісі, «Ауа сейсенбісі».
Биыл әзербайжандықтар «От сейсенбісін» 28 ақпанда, «Жер сейсенбісін» 7 наурызда, «Топырақ сенсенбісін» 14 наурызда тойлайды. Ал Наурыз мерекесі 20-24 наурыз аралығында өтеді.
Әзербайжанда Наурыз байрамы тәуелсіздік алған кезден бастап мемлекеттік мейрам ретінде тойлана бастады. Ал 2010 жылдың 23 ақпанында БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясы бойынша 21 наурыз Халықаралаық Наурыз күні болып белгіленді.
Авторы: Серикбол Кошмаганбетов