Ұзақ мерзімді жаңа инвесторлық виза түрі енгізіліп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Көші-қон саясаты тұжырымдасын іске асыру барысын талқылау кезінде Премьер-Министрдің орынбасары–Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды Turanews.kz ЕХӘҚМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Көші-қон саясаты тұжырымдамасының негізгі бағыттары аясында іске асырылып жатқан негізгі жұмыстарға тоқталайын. Бірінші бағыт – білім иммиграциясы. Мемлекет басшысы Қазақстанды академиялық тұрғыдан ұтқыр және жетекші ғалымдар мен мамандарға тартымды өңірлік хабқа айналдыру мәселесін тапсырған. Осы орайда заманауи кампустары, ғылыми зертханалары бар салалық университеттер ашу үшін кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Кейінгі 2 жылда Қазақстанның жоғары оқу орындарының базасында шетел жоғары оқу орындарының 6 филиалы құрылды. Нәтижесінде, биыл шетелдік студенттердің үлесі барша студенттердің 4,4 пайызына дейін артты», — деді Т. Дүйсенова.
Сонымен қатар ол екінші бағыт еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін нақты шаралар қабылдауға арналғаннын айтты.
«Қазір А-5 санатындағы инвесторлар Шетелден жұмыс күшін тарту үшін рұқсат алмайтын болды. Жыл басынан бері 76 шетел азаматына осындай инвестор визасы берілді (2022 жылы-95 виза). Әлеуетті инвесторларға шетелдегі мекемелерімізден «бір өтініш» қағидаты бойынша Жеке сәйкестендіру нөмірін және Электронды цифрлы қолтаңба беру рәсімі жеңілдетілді. Бұдан бөлек, инвестор-бизнесмендердің инвестициялық виза алуына қажет төменгі шекті азайту қарастырылып отыр. А-6 деп аталатын ұзақ мерзімді жаңа инвесторлық виза түрі енгізіліп жатыр. Мұндай виза иелеріне еліміздің аумағында тұрақты тұру үшін (10 жылға) ықтиярхат алу құқығы беріледі», — деді ведомство басшысы.
«Ал шетелде табысты бизнестері бар этностық қазақтар үшін «Ата жолы» картасын беру тәртібі бекітілді. Бүгінде «Отандастар» қоры қолында кәсібі бар, елге «Ата жолы» картасы аясында келетін шет елдік 50 қандасымызды анықтап, тиісті іс-шараларды атқарып жатыр», — деді министр.
Атап айтқанда, «Ата жолы» картасы – этникалық қазақтарға елімізде бизнес-кейстерін іске асыруға және елде тапшы мамандардың қызмет етуіне берілетін құжат. Карта иелеріне республика аумағында азаматтықтарын сақтай отырып, 10 жылғы дейін тұрақты тұруға рұқсат беріледі.