БастыҚоғам
Trending

Астанада ТМҰ ақпарат министрлерінің 8-отырысы өтті: Түркі елдері ортақ телерадио хабар тарату желісін құруды талқылады

Астана қаласында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Astana Media Week» халықаралық медиафорумы аясында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің БАҚ және ақпарат саласына жауапты министрлері мен жоғары лауазымды тұлғаларының 8-отырысы өтті. Алқалы жиынға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстанның медиа саласына жауапты мемлекеттік құрылымдарының басшылары мен халықаралық сарапшылар қатысты.

Отырыстың басты тақырыптарының бірі – Түркі мемлекеттері арасында ортақ ақпараттық кеңістікті қалыптастыру және БАҚ саласындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеру болды. Осы орайда қатысушылар Түркі хабар тарату желісін құру және ТМҰ-ға мүше мемлекеттер арасында телевизиялық әрі радиобағдарламаларды өзара трансляциялау туралы келісім жобасын егжей-тегжейлі талқылады.

Жиында сөз алған Түркия Республикасы Президенті Әкімшілігі Коммуникациялар басқармасы басшысының орынбасары Ферхат Пиринччи ортақ хабар тарату желісін құру бастамасын Түркия тарапы толық қолдайтынын білдірді. Оның айтуынша, аталған желі аясында арнайы комитеттер құрылып, олар хабар тарату, бірлескен медиа өнімдер өндіру, білім беру және кәсіби тәжірибе алмасу бағытында нақты жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

©BAQ.kz

Сонымен бірге ТМҰ Бас хатшысының орынбасары Өмер Кожаман өз сөзінде заманауи цифрлық технологиялардың арқасында бауырлас елдердің сапалы фильмдерін, жаңалықтары мен білім беру контентін өзара аударып, тарату халықтар арасындағы рухани әрі мәдени байланысты нығайта түсетінін атап өтті.

©Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жиын соңында қатысушы тараптар ТМҰ-ның ақпарат және медиа саласындағы ынтымақтастығына арналған 2027 жылға дейінгі іс-қимыл жоспары мен ортақ коммюникеге қол қойды. ТМҰ-ның келесі, 9-шы отырысы Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында өтетін болып белгіленді.

TuraNews

Back to top button