Ашғабатта Қазақстан-Түрікменстан консулдық консультациялары өтті
Ашғабат қаласында консулдық мәселелер бойынша қазақ-түрікмен консультациялары өтті.
Бұл турады Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Бауыржан Ақатаев, түрікмен делегациясын Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет бөлімінің басшысы Довлет Мұратов басқарды.
Тараптар консулдық-құқықтық саладағы жұмысты жетілдіру және консулдық қызметте заманауи технологияларды енгізу жөнінде пікір алмасты.
Достық, сындарлы және мейірімді атмосферада өткен консультациялар барысында дипломаттар өзара қызығушылық тудыратын бірқатар консулдық мәселелерді егжей-тегжейлі талқылады.
Кездесуге қатысушылар достас елдер арасындағы екіжақты қатынастарға қосымша серпін берген осындай екіжақты кездесулерді өткізудің маңыздылығы мен өнімділігін айтып, екі мемлекеттің консулдық қызметтері мен құзыретті органдары арасындағы байланыстарды айтарлықтай жандандыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.
Консультациялардың қорытындысы бойынша тараптар консулдық мәселелер бойынша екіжақты консультацияларды тұрақты негізде жалғастыруға ниеттерін растады.