
Іс-шара ТҮРКСОЙ (Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы), Ақтау қалалық әкімдігі және Қазақстан Жазушылар одағының бірлескен ұйымдастыруымен жүзеге асты, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Фестивальдің басты мақсаты – 20-40 жас аралығындағы түркі әлемінің жас әдебиетшілерін біріктіріп, жаңа таланттарды таныстыру, әдеби ынтымақтастықты арттыру және мәдени байланыстарды нығайту болды.
Фестиваль бағдарламасы қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы Әбіш Кекілбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен және оның атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне сапармен басталды. Қатысушылар жазушының өмірі мен әдеби мұрасы туралы тереңірек мағлұмат алды.
Фестиваль аясында ұйымдастырылған әңгіме, поэзия және драма байқауына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия және Түрікменстаннан 59 жас қаламгер қатысуға өтініш білдірді. Қазылар алқасының шешімімен 12 жас қаламгер марапатқа ие болды.
Іс-шара соңында жеңімпаздарға марапаттар, дипломдар мен алғыс хаттар табысталды.