Мәдени мұра туризмі — саяхатшыларға көне жәдігерлер мен зәулім ескерткіштерден бастап, тірі дәстүрлерге дейінгі аймақтың мәдени болмысын сезінуге мүмкіндік беретін бірегей бағыт. Соңғы жылдары әсерлі саяхатқа деген сұраныстың артуы мен тарихи құндылықтарды сақтауға бағытталған жаһандық талпыныстар аталған сектордың қарқынды дамуына жол ашты.
Салалық зерттеулерге сүйенсек, 2025 жылы әлемдік мәдени мұра туризмі нарығы 624,55 миллиард АҚШ долларына бағаланып отыр. Осы орасан нарықта сансыз өркениеттің бесігі болған Анадолы жері — Түркияны әлемдік көшбасшы ретінде айқындайды.
Түрік Ривьерасының жауһары әрі «туризм астанасы» саналатын Анталия — өткен шаққа ашылған ғажайып қақпа іспетті. Ликия, Памфилия және Писидия аймақтарының тоғысқан жерінде орналасқан аталған өлке археологиялық жәдігерлерімен кез келген жанды таңғалдырады. Күн сүйген театрлар мен мәрмәр қирандылар шаһарды нағыз ашық аспан астындағы мұражайға айналдырған. Осы бай тарихи фонда міндетті түрде көруге тиіс бес көне нысанды назарларыңызға ұсынамыз.
Анталия тарихымен танысуды Ликияның астанасы — Ксантостан бастаған абзал. Аталған қала өзінің қасиетті Летун діни орталығымен бірге ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Дәл осы жерде табылған жазбалар ликия тілінің құпиясын ашуға көмектескен еді.


Одан небәрі 15 шақырым жерде Ликия лигасының әкімшілік орталығы әрі Аяз ата бейнесінің бастауы болған Әулие Николай туған жер — Патара орналасқан. Мұнда біздің заманымызға дейінгі II ғасырдағы өкілді демократияның алғашқы үлгісі саналатын Булевтерион ғимараты бар. Жақында қалпына келтірілген алып шамшырақ нысанның маңызын арттыра түседі. Патара тек ескерткіштерімен емес, Каретта-каретта тасбақаларының ұя салатын мекені — 18 шақырымдық жағажайымен де танымал.


Келесі аялдама — Мира. Түркияның Анталья провинциясындағы Демре ауданында орналасқан ежелгі Ликия одағының маңызды қаласы. Аталған шаһар жартасқа қашалған әсем бедерлі мазарларымен еріксіз баурайды. Мұнда Әулие Николайдың епископ болған кезінде кереметтер жасаған шіркеуін де тамашалауға болады. Қала ежелгі Ликия одағының астаналарының бірі болған, кейінірек Рим және Византия империяларының құрамында маңызды діни орталық қызметін атқарған


Шығыс қазынасы: Памфилияның асқақ айбыны
Шығысқа қарай бет алсаңыз, Жерорта теңізіндегі ең жақсы сақталған көне қалалардың бірі — Перге сізді қарсы алады. Бағаналы көшелер, күзет мұнаралары, римдік моншалар мен 12 000 көрерменге арналған таға тәрізді стадион ежелгі дәуірдің салтанатын паш етеді.


Римдік мүсін өнері мен әйелдердің басқару ісіндегі ерекше рөлімен танымал бұл тарихи орталық — Әулие Павел жолындағы маңызды нүкте. Ал Памфилияның ең басты порты Сиде қаласында зәулім қирандыларды аралап, күн батар шақта Аполлон храмының сұлулығына куә бола аласыз. Бұл көрініс — Анталияның мәңгілік әсемдігінің нышаны.


Анталиядағы көне қалаларды аралаудың ең жағымды тұсы — жазғы ыстықта асықпай серуендеу мүмкіндігі. «Түнгі мұражайлар» бастамасы аясында Аспендос, Патара және Сиде кешкі сағат 22:00-ге дейін, ал Перге, Мира және Сиде археологиялық мұражайы 21:00-ге дейін келушілерді қабылдайды. 2026 жылы аталған жобаның аясы одан әрі кеңеймек.
Тарих пен табиғат астасқан Анталия жағалауы әрбір саяхатшыға ұмытылмас әсер сыйлауға дайын. Өткен мен бүгіннің үндестігін өз көзіңізбен көруге асығыңыз!


