Алматыдан Даламанға алғашқы тікелей әуе рейсі ашылды
Қазақстан мен Түркия арасындағы туристік қарым-қатынасты нығайта түсетін жаңа әуе бағыты ашылып, Алматыдан көтерілген алғашқы ұшақ Даламан халықаралық әуежайына келіп қонды.
Әуе кемесінен түскен 176 отандасымызды күтіп алу барысында жергілікті әуежай әкімшілігі ерекше қонақжайлылық танытып, терминал ішінде жолаушыларға гүл шоқтарын ұсынумен қатар, қазақтың дәстүрлі бауырсағы мен жентінен дәм татқызды. Сонымен бірге ұшу экипажына да құрмет көрсетіліп, арнайы дайындалған мерекелік торт пен гүлдер табысталды, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Жазғы маусым бойы тұрақты түрде жалғасатын әуе қатынасын еліміздің белді тасымалдаушысы Air Astana компаниясы жүзеге асырады және бекітілген кестеге сәйкес аптасына төрт рейс, оның ішінде Алматыдан екі және Астанадан екі жиілік бойынша ұшақтар қатынайды.

Тікелей рейстердің іске қосылуы қазақстандық саяхатшылардың Даламан аймағына ғана емес, оның маңындағы Мармарис, Фетхие, Гөжек секілді әлемге танымал шипажайларға жылдам әрі жайлы жетуіне мүмкіндік береді.
Қазақстандық туристердің Түркияның түрлі аймақтарына деген жоғары сұранысы бауырлас елдің жалпы туристік көрсеткіштерінің өсуіне де айтарлықтай ықпал етуде.

Қызмет көрсету сапасы мен демалыс орындарының әртүрлілігі арқасында шетелдік саяхатшылардың басты таңдауына айналған Түркия мемлекеті өткен 2025 жылы өз тарихындағы ең жоғары деңгейде шетелдік қонақ қабылдап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Нақтырақ айтсақ, Түркия өткен жылы 63 миллион 941 мың келушіні қабылдап, туризмнен 65 миллиард 230 миллион доллар табыс тапса, осы үлкен жетістікке өткен маусымда бауырлас елге саяхаттаған 762 747 Қазақстан азаматы да өз үлесін қосты. Басталған жаңа маусымдағы Алматы-Даламан бағыты Түркияның осы туристік табыстарын бұдан әрі де еселей түсуге септігін тигізеді.
Айта кетейік, Орталық Азия нарығында Мугла провинциясының танымалдылығын арттыруды көздейтін рейстер жаңа маусымда өңірдегі қонақүйлер мен шипажайларға келетін туристер ағынын еселей түседі деп күтілуде.



