Қоғам

Алматы облысының ҚХА өкілдері су тасқынынан зардап шеккендерге 60 млн теңге жіберді

Қонаев қаласында Алматы облысы ҚХА-ның ХХІХ сессиясы өтті.

Шараны аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев жүргізді. Ұйымдастырушы – Алматы облысының қоғамдық келісім және даму орталығы.

Сессия барысында қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХА ХХХІІІ сессиясындағы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты бірқатар кезек күттірмейтін міндеттерін талқылады.

2023 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстық Ассамблеяның мұрындық болуымен этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған 200-ден астам іс-шара өткізілгені атап өтілді.

«Облыстық ҚХА қызметі алдағы уақытта да бейбітшілікті, достық пен ізгілікті нығайтуға бағытталатынына сенімдімін. Біздің облыс бірлік пен қоғамдық келісімнің үлгісі болып қала бермек. «Жүректен-жүрекке» акциясы аясында су тасқынынан зардап шеккендерге 60 миллион теңгеге жуық материалдық көмек көрсетіліп, 4 жүк көлігі мен 3 вагон гуманитарлық көмек жөнелтілді. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, ардагерлер мен мүгедек балаларға 23 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Бүгінгі таңда облыстық ҚХА жанынан 1176 адамды біріктіретін 141 Ақсақалдар кеңесі және 1200 адамнан тұратын 146 Аналар кеңесі жұмыс істейді.

Алматы облысында 105 этностың өкілдері тұрады, 26 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.

 

TuraNews

Back to top button