БастыҚоғам
Trending

Алмагүл Божанованың 80 жылдығына арналған облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті

Қызылорда қаласында көрнекті қоғам қайраткері, ел дамуына елеулі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанованың 80 жылдығына арналған облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті. Тағылымы мол басқосуға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, қайраткер тұлғаның өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.

Конференцияға облыстың зиялы қауым өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-оқытушылар құрамы, ардагерлер, қоғам белсенділері, сондай-ақ Алмагүл Божанованың туған-туыстары мен замандас әріптестері қатысты. Сонымен қатар онлайн байланыс арқылы Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдері қосылып, тағылымды жиынға үн қосты.

Шара барысында қатысушылар Алмагүл Божанқызының өмір жолы мен ел игілігі жолындағы еңбектеріне кеңінен тоқталып, оның қайраткерлік болмысы мен адамгершілік қасиеттерін ерекше ықыласпен еске алды. Конференцияда арнайы баяндамалар жасалып, мемлекет және қоғам қайраткерінің еңбек жолы, елге сіңірген қызметі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегелі мұрасы жан-жақты талқыланды.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Алмагүл Божанованың Сыр өңірінің дамуына қосқан үлесі өлшеусіз екенін айтып, оның еңбекқорлығы мен елге деген адалдығы кейінгі буынға үлкен үлгі екенін атап өтті.

– Алмагүл Божанқызы – білімі мен білігі тоғысқан, туған жерінің өркендеуі үшін аянбай еңбек еткен бірегей тұлға. Ол ұстаздық қызметтен бастап, мемлекеттік басқару саласына дейінгі еңбек жолында халықтың сеніміне ие болды. Еңбекқорлықтың, жауапкершіліктің, елге адал қызмет етудің үлгісін көрсетті. Қандай қызметте жүрсе де өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында табанды еңбек етті. Оның саналы ғұмыры туған жерге қызмет етудің жарқын үлгісі ретінде ел жадында мәңгі сақталады, – деді аймақ басшысы.

Конференция барысында Алмагүл Божанованың мемлекеттік қызметтегі еңбек жолына ерекше тоқталды. Ол еңбек жолын қарапайым ұстаздықтан бастап, бала тәрбиесі мен білім саласында абыройлы қызмет атқарды. Кейін қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, түрлі жауапты қызметтерде өңірдің дамуына өз үлесін қосты.

Әсіресе Тереңөзек ауданын басқарған кезеңі ерекше аталып өтті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы күрделі экономикалық жағдайда ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуына серпін беріп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және әлеуметтік сала бағыттарында маңызды жұмыстар атқарды. Сол кезеңде аудан негізгі көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатардан көрініп, өндірістік әлеуеті арта түсті.

Шарада оның ауыл шаруашылығын дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, әлеуметтік саланы жетілдіруге бағытталған бастамалары кеңінен сөз болды. Нәтижесінде өңірдегі көптеген ауылдардың тыныс-тіршілігі жанданып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылғаны айтылды.

Алмагүл Божанқызы өңірдің қоғамдық-саяси өмірінде де белсенді қызмет атқарды. Ол облыстық мәслихат депутаты, облыстық мәслихат хатшысы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, халықтың сеніміне ие болды. Сонымен қатар азаматтық қоғамды дамыту бағытында «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің негізін қалап, қоғамдық жұмыстардың жандануына елеулі үлес қосты.

Жиында Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, қоғам қайраткерлері Нажмадин Мұсабаев пен Әріп Хожбанов, «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожа, филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаева және өзге де зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, Алмагүл Божанқызы туралы естеліктерімен бөлісті. Олар қайраткер тұлғаның адамгершілік қасиеттерін, еңбекқорлығын, ұйымдастырушылық қабілетін және туған жерге деген жанашырлығын ерекше атап өтті.

Конференцияда Алмагүл Божанованың тек мемлекеттік қызметте ғана емес, руханият саласында да өзіндік қолтаңбасын қалдырғаны айтылды. Ол онға жуық кітап шығарып, өңір тарихы мен руханиятына арналған еңбектері арқылы халықтың ықыласына бөленді. «Ердің бағын жандырған ер Балдырған», «Сыр елім – жерұйығым» және басқа да шығармалары оқырман тарапынан жоғары бағаланып келеді.

Шара барысында қатысушылар Алмагүл Божанқызының өмір жолы жас ұрпаққа үлкен өнеге екенін айтып, оның еңбекке адалдық, туған жерге қызмет ету, ел мүддесін бәрінен биік қою секілді қасиеттері әрдайым үлгі болып қала беретінін жеткізді.

Айта кетейік, Алмагүл Божанқызы ел алдындағы еңбегі үшін «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған. Сонымен қатар Қызылорда облысының Құрметті азаматы атағына ие болып, елдің қоғамдық-саяси және рухани дамуына сіңірген еңбегі жоғары бағаланған.

Тағылымды конференция қорытындысында қатысушылар мемлекет және қоғам қайраткерінің өмір жолы мен елге сіңірген еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала беретінін атап өтіп, оның есімі Сыр жұртшылығының жадында мәңгі сақталатынын айтты.

TuraNews

Back to top button