Жиынға Қазақстанның энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов, Өзбекстанның энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов пен су шаруашылығы министрі Шавкат Хамроев, Қырғызстанның энергетика министрі Таалайбек Ибраев және Тәжікстанның энергетика және су ресурстары министрі Далер Жума қатысты, деп жазады ӨзА.
Төрт елдің энергетика компанияларының басшылары мен мамандары бас қосқан келіссөздерде аймақтық қауіпсіздікті нығайту мен маусымдық жүктемелер кезінде жүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды.
Келіссөздер барысында тараптар күз-қыс маусымын тиімді өткізу және вегетация кезеңінде су-энергетика жүйелерінің үздіксіз жұмысын үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударды. Мемлекет басшыларының бастамасымен қолға алынған көпжақты ынтымақтастық отын-энергетика саласындағы тұрақтылыққа елеулі үлес қосып отырғаны атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар аймақтық энергетикалық қауіпсіздік пен су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы бірлескен іс-қимылдардың жаңа бағдарламаларын әзірлеуге және желілердің жұмыс кестелерін өзара үйлестіруге уағдаласты.


