Спорт
Trending

«Сарыарқа» хоккей клубының экс-басшысы Арғын Нығматуллинді Түркиядан іздестіріп жатыр

Мәжіліс кулуарында Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Қарағанды облысындағы «Сарыарқа» хоккей клубына бөлінген бюджет қаржысының талан-таражға түсуіне байланысты қозғалған қылмыстық іс жөнінде ақпарат берді. Бұл туралы TuraNews.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Оның мәлімдеуінше, осы іс аясында Арғын Нығматулинге іздеу жарияланған.

Сондай-ақ журналистердің сауалына жауап берген ол Арғын Нығматулинге қатысты қылмыстық іс тіркелгенін растады.

“Арғын Нығматулин бойынша айтарым: иә, дұрыс, Қарағанды облысының хоккей клубына бөлінген қаражатты жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол іздеуде. Біз айналысып жатырмыз. Түркия елінен көмек сұрадық», – деді Ғалымжан Қойгелдиев.

Арғын Нығматулин – бұрынғы Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ағасы . Ол ұзақ жылдар бойы «Сарыарқа» хоккей клубын басқарған.

2025 жылғы 3 наурызда Бас прокуратура Қарағанды облысында хоккейді дамытуға бөлінген бюджет қаражатының жымқырылуына байланысты Арғын Нығматулин мен өзге де тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Арғын Нығматулин «Сарыарқа» хоккей клубының директоры қызметін 2007 жылдың сәуір айынан 2018 жылға дейін атқарған. Сотқа дейінгі тергеу барысында ол күдікті ретінде танылып, соттың санкциясымен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Сондай-ақ құны 900 миллион теңге деп бағаланған «Сарыарқа» хоккей клубы мемлекет меншігіне қайтарылғаны хабарланды. Қазіргі уақытта Қарағанды облысының прокуратурасы заңсыз берілген активтерге қатысты тексеру жұмыстарын жалғастыруда.

TuraNews

Back to top button