Түркия халықаралық іскерлік туризм (MICE — кездесулер, ынталандыру сапарлары, конференциялар мен көрмелер) нарығындағы ең тартымды әрі әмбебап елдердің бірі ретінде көш бастап тұр. Елдің заманауи конгресс орталықтары, жоғары деңгейлі қонақ үйлері және кең көлік-логистикалық мүмкіндіктері іскерлік саяхаттарды жоғары деңгейде ұйымдастыруға жағдай жасайды.
Еуропа, Азия және Таяу Шығыстың тоғысында орналасқан Түркия өзінің стратегиялық географиялық артықшылығын әлемдік деңгейдегі инфрақұрылыммен шебер ұштастыра білді. Мұндағы қауіпсіздіктің жоғары деңгейі, қонақжайлылық дәстүрі және экологиялық тұрақтылық талаптары Түркияны ірі халықаралық жиындар өткізетін таптырмас мекенге айналдыруда.
Түркияның халықаралық деңгейдегі ауқымды шараларды жоғары дәрежеде өткізе алатын тәжірибесі бар. Биыл ел күнтізбесінде жаһандық маңызы бар екі ірі саммит ерекше орын алады: оның бірі — 7-8 шілдеде бас қала Анкарада өтетін НАТО саммиті болса, екіншісі — 9-20 қараша аралығында Антальяда жалауы желбірейтін БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы (COP31). Әлемдік деңгейдегі саясаткерлер мен сарапшылардың басын қосатын бұл жиындар Түркияның стратегиялық рөлі мен күрделі жобаларды басқарудағы әлеуетін паш етпек.

Сонымен қатар ел спорттық туризм бағытын да белсенді дамытуда. Ыстанбұлда өтіп кеткен UEFA Еуропа Лигасының финалынан бөлек, елде велосипед, гольф, желкенді қайық спорты мен марафондар тұрақты ұйымдастырылып тұрады.

Халықаралық деңгейдегі беделін нығайту мақсатында Түркия IBTM Barcelona, IMEX Frankfurt және IMEX Las Vegas сияқты ірі жаһандық MICE платформаларына белсенді қатысып, ICCA (Халықаралық конгрестер мен конвенциялар қауымдастығы) және IAPCO (Кәсіби конгресс ұйымдастырушылардың халықаралық қауымдастығы) секілді жетекші ұйымдармен тығыз серіктестік орнатқан.
Ғасырлар бойы сауда мен ғылымның орталығы болған Ыстанбұл шаһары бүгінде бизнес, технология мен мәдениет тоғысқан әлемдік MICE хабына айналуда. Қалаға екі халықаралық әуежай — ИГА Ыстанбұл әуежайы мен Сабиха Гөкчен әуежайы қызмет көрсетеді. Жүздеген тікелей авиарейстер әлемнің кез келген нүктесінен келетін делегаттар үшін барынша жайлылық сыйлайды.

Ыстанбұлдағы конгрестер тек мәжіліс залдарымен шектелмейді. Мұндағы ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары, заманауи өнер мұражайлары, MICHELIN гидіне енген талғампаз мейрамханалар мен Босфордағы жеке яхта серуендері іскерлік кездесулердің мәнін арттыра түседі. ICCA деректеріне сүйенсек, өткізілген халықаралық конгрестер саны бойынша Ыстанбұлда 10%, ал жалпы Түркия бойынша 16% өсім тіркелген. Биыл жаз және күз айларында қалада екі ірі медициналық конгресс өтеді деп жоспарланған, бұл шаралар шаһарға 13 500-ден астам қатысушыны тартпақ.

Жылына 300 күн бойы күн нұры төгіліп тұратын Анталья — Түркияның туристік астанасы ғана емес, жетекші іскерлік орталықтарының бірі. Түрік Ривьерасының қақ ортасында орналасқан қалада 300-ден астам бес жұлдызды қонақ үй мен 175 000-нан астам конгресс орындары бар. Бұған дейін G20 саммитін абыроймен өткізген Анталья заманауи технологиялар мен Жерорта теңізінің «Көк тулы» жағажайларын, гольф алаңдары мен спа-орталықтарын бір арнаға тоғыстырған. Ежелгі Ликия, Памфилия және Писидия аймақтарының қақпасы саналатын бұл өлке бизнес пен мәдениетті ұштастырудың озық үлгісін көрсетеді.





