Қоғам
Trending

Ұлытауда балалар қауіпсіздігі мен өртке қарсы шаралар талқыланды

2026 жылғы 29 сәуірде Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау: терезеден құлау фактілерінің алдын алу. Өрт және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары» тақырыбында брифинг өтті.

Іс-шараға спикерлер ретінде Ұлытау облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ермек Сералиевич Исмаилов, Төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау капитаны Мұрат Мағауияұлы Қарақойшы, сондай-ақ Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Қуандық Аманқанұлы Мадбаев қатысты.

Брифинг барысында өңірдегі судағы қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі және балалардың терезеден құлау фактілерінің алдын алу мәселелері жан-жақты қарастырылды.

Атап айтқанда, 2026 жылғы шомылу маусымына дайындық аясында арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, су айдындарында қауіпсіздік белгілері орнатылғаны, тек рұқсат етілген жағажайларда шомылу қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар, тұрғындарға тыйым салынған жерлерде шомылмау, балаларды қараусыз қалдырмау және мас күйінде суға түспеу бойынша ескертулер берілді.

Өрт қауіпсіздігі бойынша өңірде профилактикалық жұмыстар белсенді жүргізілуде. 2026 жылдың басынан бері өрт санының азайғаны байқалады. Дегенмен, тұрғын үй секторында өрттің негізгі себептері ретінде электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау, отпен абайсыз әрекет ету және пештерді пайдалану ережелерін бұзу атап өтілді.

Сондай-ақ, балалардың терезеден құлау жағдайлары ерекше назарға алынды. 2025 жылы облыста 15 оқиға тіркеліп, оның екеуі қайғылы аяқталған. Ал 2026 жылы мұндай оқиғалар тіркелмеген. Осы бағытта «Қауіпсіз терезе» акциясы аясында нақты шаралар қабылданып, терезе блокираторлары орнатылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Спикерлер ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға, қауіпсіздік құралдарын орнатуға және тұрмыстық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Брифинг соңында тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтау – адам өмірін сақтаудың басты кепілі екені тағы да еске салынды.

TuraNews

Back to top button