Қоғам

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Жезқазғандағы инфрақұрылым нысандарын тексерді

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Жезқазған қаласындағы бірқатар әлеуметтік, білім беру және коммуналдық инфрақұрылым нысандарын аралап, олардың қазіргі жай-күйі мен өзекті мәселелерімен танысты.

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы білім беру ұйымдарын, қоғамдық кеңістіктерді, тұрғын үй алаптарын, инженерлік инфрақұрылым нысандарын, теміржол вокзалын аралап, сондай-ақ Жезқазған жылу электр орталығында салынып жатқан бу-газ қондырғысы құрылысының барысымен танысты.

Биыл Жезқазған қаласында 13 көшеге асфальт төселуде. Облыс құрылғаннан бері 85 шақырым жылу және 197 шақырым су құбыры желілері жаңғыртылды.

Сонымен қатар 4 мектеп пен 2 колледжде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нысандарды пайдалануға беру 20 тамызға дейін жоспарланған. Алайда аралау барысында Жезқазған қаласындағы №13 жалпы білім беретін мектепте жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталмау қаупі бар екені анықталды.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімі анықталған мәселелерді жүйелі түрде шешуді, сондай-ақ құрылыс және жаңғырту жұмыстарының сапасы мен мерзімін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Жауапты басшыларға нақты міндеттер жүктелді.

TuraNews

Back to top button