Саясат

Ұлытау облысына жаңа әкім тағайындалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлытау облысының әкімі лауазымына Есет Байкен тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Байкен Есет Берікұлы Ұлытау облысының әкімі болып тағайындалсын», – делінген бүгін, 2026 жылғы 17 шілдеде жарияланған ресми құжатта.

Жаңа әкім Есет Байкен 1986 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген.

Біліміне тоқталсақ, Қазақ гуманитарлық-заң университетін «Қаржы» мамандығы бойынша, сондай-ақ Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қаржы және құқықтану бакалавры.

Есет Берікұлы еңбек жолын 2008 жылы Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында бастаған. Онда жетекші маманнан бастап, Инвестициялық саясат және жоспарлау бөлімінің бас маманына дейінгі жолдан өтті. Кейін құқықтық қамтамасыз ету және сатып алу бөлімінде бас маман болып қызмет етті.

  • 2010–2013 жылдары Астана қаласы әкімі аппаратының Әлеуметтік-мәдени сала бөлімінің бас маманы, содан кейін қала әкімінің бас инспекторы болды.

  • 2013–2016 жылдар аралығында Астана қаласы әкімі аппаратының Ұйымдастыру-инспекторлық бөлімін басқарды.

  • 2016 жылы Президент Әкімшілігіне ауысып, онда алдымен Әкімшілік басшысы хатшылығының сарапшысы, кейін Мемлекеттік бақылау және ұйымдастырушылық-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарды.

  • 2019 жылдың ақпанында Қарағанды облысы Нұра ауданының әкімі болып тағайындалды.

  • Сол жылдың тамыз айында Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы қызметіне келді.

  • 2020 жылдың қазан айында Астанадағы «Сарыарқа» ауданын басқарды.

  • 2022 жылдың ақпан айынан бастап осы уақытқа дейін Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.

Айта кетейік, бұған дейін бұл лауазымды 2024 жылғы 9 қазаннан бері Дастан Рыспеков атқарып келген болатын.

Бұдан бөлек, бүгін Атырау облысына да жаңа әкім тағайындалды. Енді мұнайлы өңірді Болат Ақшолақов басқарады.

TuraNews

Back to top button