Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің 20 жылдық мерейтойына орай «Архивтер: цифрлық трансформация, конституциялық құндылықтар, тарихи мұра» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Turanews.kz.
Ауқымды шара архив саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, құжаттық мұраны сақтау және оны ғылыми айналымға енгізудің өзекті мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылды. Жиын барысында отандық және шетелдік сарапшылар цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын архив ісіне енгізу бойынша озық тәжірибелерімен бөлісті.
Халықаралық конференцияға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚР Президенті Әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Түркия, Ресей, Өзбекстан, Сауд Арабиясы Корольдігі және Тәжікстанның архив мекемелерінің басшылары, жетекші ғалымдар мен сала мамандары қатысты.
Іс-шара аясында «Архив: өткен мен болашақты жалғаған 20 жыл» атты арнайы құжаттық көрме ұйымдастырылып, «Құндылықтар қоймасы – Ұлттық архивке 20 жыл» фотоальбомының ресми тұсауы кесілді. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің алғашқы директоры, белгілі қоғам қайраткері Рысты Халесқызы Сариеваға арналған естелік бұрышы ашылды.
Пленарлық отырыс пен төрт секциядан тұрған конференцияда Ұлттық архив қорын қалыптастыру, архив басылымдарын ғылыми жариялау, цифрлық трансформация және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану тетіктері жан-жақты қарастырылды. Шара қорытындысы бойынша халықаралық қарар қабылданып, архив саласын одан әрі дамытуға бағытталған маңызды ұсыныстар әзірленді.



