
Ақтау қаласында жасөспірімдер мен спорт шеберлері арасында өткен Азия және Океания чемпионаты өз мәресіне жетті. Ауқымды халықаралық додаға құрлықтың әртүрлі елдерінен келген мықты спортшылар қатысып, өзара үздікті анықтады. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға өз шеберліктерін толық көрсетуге мүмкіндік берілді.
Аталған чемпионатта Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте айрықша нәтижеге қол жеткізіп, жасөспірімдер арасында да, спорт шеберлері арасында да І орынды иеленді. Бұл жетістік еліміздегі спорт мектебінің жүйелі дамып келе жатқанын және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін айқын көрсетті.
Халықаралық жарыста Түркістан облысының өкілі, самбо шебері Самат Рысбеков ел намысын абыроймен қорғап, спорт шеберлері санатында чемпион атанды. Ол жарыс барысында жоғары дайындық деңгейін, техникалық шеберлігін және тактикалық сауаттылығын толық көрсете білді. Қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, сенімді өнер көрсеткен жерлесіміз финалдық белдесуде де басым түсіп, Азия чемпионы атағын жеңіп алды.
Бұл жеңіс тек бір спортшының жеке жетістігі ғана емес, сонымен қатар Қазақстан спортының, оның ішінде Түркістан өңіріндегі спорттық мектептің беделін арттырған маңызды нәтиже болып саналады. Самат Рысбековтің бұл табысы ұзақ жылдар бойы жүргізілген жүйелі жаттығулардың, тәртіп пен табандылықтың, сондай-ақ кәсіби бапкерлер еңбегінің жемісі ретінде бағаланып отыр.
Спортшының айтуынша, мұндай деңгейдегі халықаралық жарыстар әрбір спортшы үшін үлкен тәжірибе алаңы болып табылады. Ол алдағы уақытта да өз шеберлігін жетілдіріп, Қазақстанның көк туын биікке көтеруге бар күшін салатынын жеткізді.
Енді жеңімпаз балуан алдағы қыркүйек айында Кипр елінде өтетін әлем чемпионатында Қазақстан Республикасының намысын қорғайтын болады. Бұл дода оның спорттық мансабындағы келесі маңызды кезең болмақ.
Айта кетейік, Самат Рысбеков қазіргі таңда Түркістан облыстық «Тұран» спорт ойын түрлері клубының директоры қызметін атқарады. Сонымен қатар ол Түркістан қалалық мәслихатының депутаты ретінде де қоғамдық және спорттық бастамаларды дамытуға үлес қосып келеді.



