ҚоғамМәдениет
Trending

Түркістанда «Turkistan – 2026: Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу және ішкі туризмді дамыту» атты конференция өтті

Түркістан қаласындағы «Киіз үй» кешенінде Түркістан облыстық мәслихаты мен Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Turkistan – 2026: Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу және ішкі туризмді дамыту» атты ауқымды конференция өтті. Бұл жиын өңірдің рухани-мәдени және туристік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған туризм саласын дамыту, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын кең көлемде насихаттау және оны ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде таныту бағытындағы тапсырмаларды жүйелі түрде іске асыру болып табылады. Сонымен қатар жиында тарихи-мәдени мұраны сақтау мен оны экономикалық және рухани даму құралы ретінде тиімді пайдалану мәселелері кеңінен талқыланды.

Конференцияға облыс әкімінің орынбасарлары, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстар мәслихаттарының төрағалары мен өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, аудандық және қалалық мәслихат төрағалары, облыстық басқармалар мен департамент жетекшілері, ғалымдар, жоғары оқу орындарының өкілдері және туристік операторлар қатысты. Бұл жиынның ауқымдылығы оның тек өңірлік емес, жалпыұлттық деңгейдегі маңызды оқиға екенін көрсетті.

Жиынды Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов жүргізіп отырды. Конференция барысында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов облыс әкімінің құттықтау хатын жеткізіп, өңірде Ясауи мұрасын ұлықтау және туризм саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды.

Ол өз сөзінде Түркістанның тарихи және рухани маңызын ерекше атап өтіп, қаланың түркі әлеміндегі орны туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар қазіргі таңда Түркістанның халықаралық деңгейдегі рухани, мәдени және туристік орталық ретінде қалыптасып келе жатқанын айтты.

Баяндамашының айтуынша, мемлекет тарапынан тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ішкі туризмді дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Осы бастамалардың нәтижесінде Түркістан жаңа даму кезеңіне қадам басып, заманауи инфрақұрылымы бар, туристік тартымдылығы жоғары қалаға айналып отыр.

Конференцияда сөз алған «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев туризмнің тек экономикалық сала ғана емес, сонымен қатар рухани-идеологиялық маңызы зор бағыт екенін атап өтті. Оның айтуынша, туризм – ұлттық тарихты, мәдениетті және рухани құндылықтарды әлемге танытудың маңызды құралы.

Сондай-ақ Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев те сөз сөйлеп, тарихи сананы жаңғырту мен құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы рухани орталықтардың рөліне тоқталды.

Төлеубек Мұқашев өз баяндамасында Түркістанды тек туристік нысан ретінде қарастыру жеткіліксіз екенін айтып, оны терең рухани феномен ретінде қабылдау қажеттігін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, қалаға келген әрбір адам тек тарихи орындарды көріп қана қоймай, рухани сабақтастықты сезінуі тиіс.

Конференция барысында Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген мәслихат төрағаларының Түркістанда бас қосуы да ерекше мәнге ие екені айтылды. Бұл өңірлік басқару мен ұлттық руханияттың өзара байланысын нығайтатын маңызды қадам ретінде бағаланды.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өз баяндамасында ішкі туризмнің даму динамикасына тоқталып өтті. Оның мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында өңірдегі орналастыру орындарында демалғандар саны 347,6 мың адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 14,7 пайызға артқан. Ал тарихи-мәдени нысандарға келушілер саны 1 миллион адамды құрап, 13 пайыздық өсімді көрсеткен.

Сонымен қатар облыста тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі қарқынды дамып келе жатқаны айтылды. Туризм саласына 133 миллиард теңге инвестиция тартылып, Түркістан қаласында бірқатар ірі туристік жобалар жүзеге асырылуда.

Жиында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Досай Кенжетаев, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің басшысы Бекежан Мырзаев, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Жетісу және Шымкент қалалық мәслихаттарының төрағалары мазмұнды пікірлерін ортаға салды. Олар Түркістанның рухани орталық ретіндегі маңызын және туристік әлеуетінің жоғары екенін ерекше атап өтті.

Конференция қорытындысында қатысушылар Түркістанның тек өңірлік емес, халықаралық деңгейдегі рухани және туристік орталық ретіндегі рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жаһандық деңгейде дәріптеу, ішкі туризмді дамыту және тарихи сананы жаңғырту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі айтылды.

Екі күнге жоспарланған конференция аясында қатысушылар Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени нысандарды, сондай-ақ Отырар және Ордабасы өңірлерін аралап, өңірдің туристік әлеуетімен жақынырақ танысатын болады.

TuraNews

Back to top button