
Түркістан қаласында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай алғаш рет ұйымдастырылған «Turkestan Night Run – 2026» атты түнгі жүгіру марафоны жоғары деңгейде өтті. Бұл ауқымды спорттық-мәдени іс-шара өңір тарихында жаңа форматтағы бұқаралық спорт шарасы ретінде ерекше орын алды.
«Turkestan Night Run – 2026» тек спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар Ұлы Жібек жолының тарихи рухын заманауи форматта жаңғыртқан ерекше түнгі фестиваль ретінде ұйымдастырылды. Іс-шараның басты ұраны – «Сен жай ғана жүгірмейсің – сен ғасырларға созылған жолдан өтесің» идеясы қатысушыларға көне керуен жолдарының символикалық мәнін сезіндіруге бағытталды.
Ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, марафонға жиналған спортшылар мен қонақтарды құттықтап, сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде мұндай халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың бұқаралық спортты дамытуға, жастарды салауатты өмір салтына баулуға және Түркістанның туристік әлеуетін арттыруға зор үлес қосатынын атап өтті.
– Бұл іс-шара тек спорттық жарыс емес, бұл – бірлік пен жігердің, салауатты өмір салтын дәріптеудің мерекесі. Мұнда еліміздің әр өңірінен және шетелден келген кәсіби спортшылар мен әуесқойлар бас қосып отыр. Түркістанда осындай ауқымды марафонның өтуі – қаламыздың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Марафон кешкі уақытта басталып, Түркістан қаласының көшелері ерекше жарық пен әсем безендіруге бөленді. Жарыс барысында музыкалық сүйемелдеу, театрландырылған қойылымдар және интерактивті аймақтар қатысушыларға ерекше атмосфера сыйлады. Қаланың әр бөлігі тарихи кезеңдерді бейнелейтін тақырыптық кеңістіктерге айналып, жүгірушілерге ерекше әсер қалдырды.
Трасса бойында «Оазис», «Уақыт құмдары», «Қасиетті Түркістан» сияқты арнайы аймақтар ұйымдастырылып, әрбір кезең символикалық мағынаға ие болды. Бұл элементтер марафонды тек спорттық бәсеке емес, тарихи-мәдени саяхат деңгейіне көтерді.
Халықаралық деңгейдегі бұл марафонға жалпы 3 мыңға жуық атлет қатысты. Олардың қатарында 6 елден келген 70-тен астам шетелдік спортшы және Қазақстанның барлық өңірінен жиналған 800-ге жуық кәсіби және әуесқой жүгірушілер болды. Жалпы іс-шараға қатысушылар мен көрермендерді қоса алғанда 5 мыңнан астам адам жиналды.
Қатысушылар 5, 10 және 21 шақырым қашықтықтар бойынша бақ сынасып, өз шеберліктерін көрсетті. Жарыс барысында жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар арнайы марапаттарға ие болды.
Іс-шара аясында көрермендер үшін би қойылымдары, викториналық ойындар және балаларға арналған анимациялық бағдарламалар ұйымдастырылды. Бұл марафонды отбасылық демалыс пен мәдени кешке айналдырды.
Жарыс қорытындысында жеңімпаздар марапатталып, барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасатынын атап өтті.
«Turkestan Night Run – 2026» жобасы спорт, мәдениет және тарихты тоғыстырған ерекше бастама ретінде Түркістанды халықаралық деңгейдегі спорттық-туристік орталық ретінде дамытуға бағытталған маңызды қадам болып бағаланды.



