Түркістанда Отан қорғаушылар күніне арналған патриоттық іс-шара өтті

Түркістан қаласындағы 5574 әскери бөлімінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында ауқымды әскери-патриоттық іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиын әскери плац-концерт форматында өтіп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген күштік құрылым өкілдерінің басын қосты.
Салтанатты шараға Түркістан облыстық Полиция департаментінің, Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің, Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері, аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілері, Ұлттық ұлан сарбаздары, ардагерлер және жас сарбаздар қатысты. Бұл жиын ел қорғанысы саласындағы ынтымақтастық пен бірлікті айқындай түскен маңызды басқосу болды.
Шара барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысушыларды Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі әскери қызметшілердің рөлін ерекше атап өтті.
Ол өз сөзінде Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы екенін айтып, батыр бабалардың ерлігі бүгінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге екенін жеткізді. Сонымен қатар мемлекет басшысының ел қауіпсіздігі мен әскери тәртіптің маңызы туралы айтқан тұжырымдарын мысалға келтіріп, әскери қызметтің қоғамдағы стратегиялық рөлін атап өтті.
Облыс әкімі өңірде жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстарды дамыту бойынша жүйелі іс-шаралар жүзеге асырылып жатқанын да тілге тиек етті. Оның айтуынша, елдің тұтастығы мен қауіпсіздігін сақтау – барша азаматтың ортақ міндеті.
Салтанатты жиын барысында Нұралхан Көшеров ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында мінсіз қызмет етіп жүрген бірқатар әскери қызметшілерді арнайы марапаттап, олардың еңбегіне жоғары баға берді.
Іс-шараға қатысқан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Ержан Ыбыраев пен «Қарулы Күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бабай Алдабергенов те құттықтау сөз сөйлеп, әскери қызметтің маңызы мен оның ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне тоқталды.
Кездесу аясында облыс әкімі мен ардагерлер әскери бөлімнің материалдық-техникалық базасымен танысып, сарбаздармен еркін пікір алмасты. Жастардың әскери қызметке деген қызығушылығы мен дайындығы жоғары бағаланды.
Іс-шара одан әрі мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Сахнада патриоттық әндер орындалып, әскери рухты көтеретін шығармалар көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Айта кету керек, өткен жылы Түркістан облысынан шамамен 5 мыңға жуық жас азамат әскери қызметке шақырылған. Биыл да бұл үрдіс жалғасып, өңір жастары Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарын толықтыруда.
Мерекелік жиын елдік рухты көтеріп, әскери қызметтің беделін арттырған тағылымды іс-шара ретінде есте қалды.



