Түркістанда күрес шеберлері арасындағы ел чемпионаты басталды

Түркістан қаласында орналасқан «Olympic center» спорт кешенінде дзюдо, самбо және қазақ күресінен шеберлер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты ресми түрде басталды. Бұл – еліміздегі тәжірибелі спортшылардың шеберлігін сынға салатын, жоғары деңгейдегі беделді республикалық жарыстардың бірі, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Ел біріншілігіне Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 20 команда құрамында 1000-ға жуық спортшы қатысуда. Байрақты бәсекеде балуандар М1 жас санатынан бастап М9 санатына дейін сынға түсіп, әр жас деңгейінде 7 салмақ дәрежесі бойынша елдің ең үздік спортшылары анықталатын болады. Бұл жүйе спортшылардың жекелей шеберлігін толық бағалауға мүмкіндік береді.
Чемпионаттың негізгі мақсаты – еліміздегі күрес түрлерін дамыту, ардагер спортшылардың тәжірибесін насихаттау, сондай-ақ дзюдо, самбо және қазақ күресі мектептерінің деңгейін арттыру. Сонымен қатар бұл дода жас спортшылар мен тәжірибелі балуандардың өзара бәсекесін күшейтіп, ұлттық және халықаралық аренаға жол ашатын маңызды алаң болып табылады.
Айта кетейік, бұл додада Түркістан облысының намысын қорғауға Самат Рысбеков, Нышанбай Құдайберген, Сәкен Рүстемов, Дінмұхамет Розметов сынды тәжірибелі спортшылармен қатар 30-ға жуық жерлестеріміз қатысып, өңір намысын абыроймен қорғауда.
Жарыс барысында спортшылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, татамиде және боз кілемде тартысты белдесулер өткізуде. Әр кездесу көрермендер тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, спорттық рух пен бәсекелестіктің жоғары деңгейін көрсетіп отыр.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер тек республикалық деңгейде ғана емес, халықаралық аренада да ел намысын қорғауға мүмкіндік алады. Атап айтқанда, үздік нәтиже көрсеткен спортшылар күзде Босния және Герцеговина елдерінде өтетін әлем чемпионатына жолдама алатын болады.
Түркістан төріндегі тартысты бәсеке 6–9 сәуір күндері аралығында өтеді. Бұл чемпионат еліміздегі күрес спортының дамуына серпін беріп, жас спортшылардың шыңдалуына үлкен мүмкіндік береді.



