Қоғам

Түркістан: Түлкібаста мектеп қабырғасында Ұлы Отан соғысы ардагерінің музейі ашылды

Бүгін Түлкібас ауданының тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрлыбай Қасымбековтің құрметіне орай, туып-өскен ауылы Абайыл елді мекеніндегі ардагердің есімі берілген Қасымбеков мектебінің ішінен «Ғибратты ғұмыр» музейі ашылды.

Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай, аудан әкімі Асқар Естібаев, ауданның зиялы қауым өкілдері, Қасымбековтар әулеті және Астана, Алматы қаласынан келген қонақтар қатысты, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Жиынның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы, қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Қамзабекұлы сөз сөйлеп, Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі де Ұлы Жеңістің жемісі екенін айтып, бүгінгі шараның маңыздылығын қамтып өтті.

Содан соң мінберге Қасымбеков Нұрлыбай атаның баласы, ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Нұрлыбайұлы көтеріліп, әкесінің өмір жолынан ой бөлісіп, арнайы келген қонақтарға алғысын білдірді.

Мәртебелі азаматтар музейдің лентасын қиып, келген қонақтар даңқты майдангердің өмір жолынан жинақталған жәдігерлерді тамашалады. Сонымен қатар игі шара барысында келген қонақтар ауыл ішіндегі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткішін көріп, батырлар рухына құран бағыштады. Сондай-ақ білім ордасының тынысымен танысып, мектеп оқушыларының дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда аудан аумағындағы 60 мектептің 10-ында музей жұмыс істеп тұр.

Салтанатты шара «Ғибратты ғұмыр» музейінің ашылуынан соң Ұлы Отан Соғысының ардагері Нұрлыбай Қасымбековті еске алуға арналған дәстүрлі турнирімен жалғасын тапты. Аудандық орталық стадионда Қасымбеков Нұрлыбай Тұңғышбайұлына арналған футболдан 25-ші, шахматтан 12-ші аудандық турнирінің ашылу салтанаты өтті.

Нұрлыбай Қасымбековтың өнегелі өмір жолына құрмет ретінде ұрпақтары мен туыстары жыл сайын мамыр айында турнир ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.

Футбол спорттық турниріне ауылдық округтерден арнайы іріктеуден өткен 8 команда, аудандық ардагерлер командасы мен Қасымбековтер әулетінің командасын қосқанда жалпы 10 команда бақ сынасуда.

TuraNews

Back to top button