Қоғам

Түркістан: төрт тілді еркін меңгерген төлебилік ең жас мемлекеттік қызметші

Мемлекеттік қызметші – мемлекеттік биліктің айнасы. Бойында қарапайымдық, ұйымдастырушылық қабілеттері бар дарынды жастардың мемлекеттік қызметке келуі еліміздің өркендеуіне ерекше серпін береді, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Жас мемлекеттік қызметкерлердің бірі – Төлеби ауданы әкімі аппаратының заң бөлімінің инспекторы Жұмәлі Дәулет. Ол төрт тілді еркін меңгерген білікті маман.

28 жасар Дәулет 2012 жылы Ленгір қаласындағы №4 Қ.Сәтбаев атындағы жалпы орта мектебін үздік бітірген. 2012 жылы Алматы қаласындағы Сулейман Демирель атындағы қазақ-түрік университетіне экономика және бизнес мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2016 жылы оқу орнын үздік бітірген. 2018 жылы Шымкент университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.

2020 жылдың тамыз айынан бастап «Төлеби ауданы әкімі аппараты» заң бөлімінің бас инспекторы қызметін атқарып келеді.

– Мемлекеттік қызметші болу – бұл үлкен абырой мен міндет. Бұл сала қызметшісі әр іс-әрекетіне жауаптылықпен қарап, жоғары орындаушылық, тәртіптілік және мүлтіксіз адамгершілік қасиеттеріне ие болуы тиіс, – дейді жас қызметкер.

Жұмәлі Дәулет ағылшын, түрік, орыс, қазақ тілдерінде еркін сөйлейді. Бос уақытында балаларды оқытады. 2018 жылы «Төлеби ауданы ойындары» сайысында спорттың шахмат түрінен І орын иегері атанса, үш тілді еркін меңгерген мемлекеттік қызметшілер мен жастар арасында өткен облыстық «Тіл шебері» байқауына қатысып, ІІІ орынға ие болды. 2021 жылы аудандық «Үздік мемлекеттік қызметкер» номинациясының жеңімпазы атанып, 2022 жылы Түркістан облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.

TuraNews

Back to top button