Спорт
Trending

Түркістан: Республикалық «Түркістан мақамдары» термешілер байқауы өз мәресіне жетті

Отырар аудандық мәдениет сарайында республикалық деңгейде өткен «Түркістан мақамдары» термешілер байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ұлттық өнерді ұлықтаған маңызды рухани шараға айналды. Елдің әр өңірінен жиналған жыршы-термешілер дәстүрлі өнердің құндылығын дәріптеп, қазақтың сөз өнері мен терме мәдениетінің терең тамырын кеңінен танытты.

Бұл байқау ұлттық руханиятты жаңғыртуға, халықтық өнерді кеңінен насихаттауға, тіл мәдениетін дамытуға және дәстүрлі ән-терме өнерін жас ұрпақ арасында қайта жандандыруға бағытталған. Сонымен қатар ұмыт бола бастаған шығармаларды қайта тірілту, жас орындаушылардың шығармашылық қабілетін шыңдау және өнер иелері арасында тәжірибе алмасу мүмкіндігін қалыптастыруды мақсат етті.

Өнер додасына қатысушылар сахнада дәстүрлі терме орындаудың жоғары деңгейдегі үлгілерін көрсетіп, көрермен қауымның ерекше ықыласына бөленді. Әр орындаушы өз мектебінің ерекшелігін танытып, ұлттық өнердің бай мұрасын кеңінен насихаттады. Байқау барысында залға жиналған көрермендер терменің терең мағынасы мен тәрбиелік мәнін ерекше сезініп, өнерпаздарға ұзақ қол шапалақпен қолдау білдірді.

Қазылар алқасының шешімімен байқаудың Бас жүлдесі Түркістан облысының өкілі Лес Ернұрға бұйырды. І орынды Қызылорда облысынан келген Қуаныш Алғазиев иеленді. ІІ орын Жетісу облысынан Нұрәли Есхат пен Ақмола облысының өкілі Есімхан Жасұланға берілді. Ал ІІІ орын Қызылорда облысының Сырсұңқар Базарбайұлына, Павлодар облысының өкілі Базарбай Азаматқа және Түркістан облысынан Сатыбалды Мағжанға табысталды.

Сонымен қатар байқау аясында дәстүрлі өнерді дамытуға үлес қосқан бірқатар өнерпаздарға арнайы жүлделер табысталды. Атап айтқанда, Құлыншақ Кемелұлы атындағы арнайы жүлде Ергат Тәжібаевқа берілсе, Майлықожа Сұлтанқожаұлы атындағы арнайы жүлдені Серікбай Ықылас иеленді. Ал Қызыл Жырау атындағы арнайы жүлде Айдана Шымболатқа табысталды.

Байқауға қатысушылардың өнері ұлттық дәстүрдің сабақтастығын айқындап, терме өнерінің қазіргі заманғы мәдени кеңістікте де өзектілігін жоғалтпағанын көрсетті. Әрбір орындау қазақ халқының рухани байлығын, тарихи жады мен ұлттық болмысын айқын бейнеледі.

Айта кету керек, бұл өнер сайысы Түркістан өңірінде ұлттық өнерді қолдау және дамыту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың бір бөлігі болып табылады. Мұндай байқаулар жас буынның өнерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, дәстүрлі мәдениеттің үзілмей жалғасуына үлкен үлес қосады.

TuraNews

Back to top button